- «Қазақстанда сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды жылқыларды өсіру жағынан қолдау көрсетіледі. Бірақ ат спорты түрлерін дамытуға ешқандай қолдау қарастырылмаған. Ең өкініштісі, ұлттық спорт түрлерінен біздің спортшылар қырғыз, орыс және басқа елдерден сатып алынған аттарды мініп, ең жуйріктері Өзбекстанға сатылып кетеді. Осыған байланысты біз отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған Заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдадық. Атап айтқанда, екі тұқымды ерекше атап өтеміз: «Қостанай» және «Адай», олар өздерінің құндылығын дәлелдеген. Асыл тұқымды жылқыларды қолдау және өсіру арқылы ұлттық спортты дамыту қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің дамуына жақсы серпін береді», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Respublica партиясының парламенттік фракциясы мен бір топ пікірлес депутаттар бастамашы болған заң жобасымен «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Түзетулер асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуді көздейді.
Аталған қолдау тетіктері отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізеді.
Фото: olympic.kz