Қонаев қаласында өткен кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Алматы энергия кешеніне кіретін ұйымдарының өндірістік қызметі талқыланды.
Сондай-ақ компанияның осы аумақта энергетика саласы бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары мен олардың болашақтағы жұмысы және Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және Алматы облысындағы ЖЭО-3 объектілері үшін газ инфрақұрылымы жөніндегі жоспарлар қаралды.
Серік Түйтебаевтың айтуынша, «Самұрық-Энерго» Қазақстанның энергия жүйесінде стратегиялық орынды иеленеді. Компанияда 2022 жылы және алдағы жылдары шешімін табуы тиіс негізгі міндеттердің бірі ел энергетикасындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету бағытында қабылданып жатқан шараларға қолдау көрсету.
«Алматы облысында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндіктер бар. Еліміздің оңтүстік өңірлерінің, оның ішінде Алматы облысының энергия тапшылығын жою мақсатында «Самұрық-Энерго» ЖЭК объектілерін салу жобаларын іске асыруда. Бұдан басқа, біз өңірдің өнеркәсіптік, туристік және әлеуметтік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында қуат беру және электр энергиясын қосу мақсатындағы энергия нысандарымен жұмыс істейміз», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.
Кездесу барысында облыс бойынша жүзеге асырылатын жобалар барысы сөз болды:
– Шелек дәлізіндегі қуаты 60 МВт, келешекте 300 МВт дейін кеңейтілетін жел электр станциясының құрылысы;
– Мойнақ ГЭС-інде электр энергиясын өндіруді жылына 100 млн.кВт сағ-қа ұлғайту;
– Іле өзенінде контрреттеуші Кербұлақ СЭС-ін салу;
– облыста қуаты 310 МВт ЖЭС, СЭС құрамдастырылған станциясын салу;
– қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту;
– станцияның қуатын 450 МВт-ға дейін ұлғайта отырып, БГҚ базасында Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту;
– Қаскелең ҚС АТҚ-ға қосу арқылы «Көкөзек» қосалқы станциясын салу;
– Алматы қаласы мен Алматы облысының кабель желілерін қайта жаңарту;
– Шелек энергия торабының желілерін дамыту.
Кеңес барысында Алматы облысының әкімдігінде өңір басшылығы шешуге ықпал етуі мүмкін кейбір проблемалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, электр беру желілері үшін жер учаскелерін сатып алуға, қаржыландыруға және тариф белгілеуге байланысты тақырыптар қаралды.
Айта кету керек, «Самұрық-Энерго» АҚ қызметі бұған дейін Қапшағай қаласында қуаты 2 МВт бірегей күн станциясын салу мен трансформаторлық қуатының жалпы өсімі 3500 МВА-дан асатын 38 қосалқы станцияны салу және пайдалануға берді