Сапар барысында Ерлан Қошанов Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші екенін және солай болып қала беретінін атап өтті.
«Елдеріміз арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді», – деді Мәжіліс спикері.
Сондай-ақ спикерлер өңіраралық және экономикалық, мәдениет пен білім беру саласындағы байланыстың келешегі жөнінде сөз қозғады.
Ерлан Қошанов бүгінде Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының алты филиалы жұмыс істейтінін айтты.
«Соңғы жылдары бізде инженерлік-техникалық саладағы мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде техникалық мамандықтар бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл тұрғыда біз жетекші ресейлік жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ресми сапар аясында Мәжіліс спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.
Ерлан Қошанов әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы маңызды өзгерістер туралы айтты. Мәжіліс спикері ресейлік сенаторларға күзде Санкт-Петербургте өтетін Төртінші Еуразиялық әйелдер форумына табыс тіледі.
Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей парламенттерін барлық мәселе бойынша берік достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті. Федералдық жиналыс басшысы Қазақстан депутаттарының заңнамалық бастамаларына қолдау білдіріп, осы бағытта белсенді түрде тәжірибе алмасуды ұсынды.
Мәжіліс төрағасының ресми сапары одан әрі Казань қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Республика Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесулер өткізеді.