Аударматану саласының өзекті мәселелерін жаңа заман тұрғысынан бағамдап, ғылыми-теориялық ойларды сараптауды, тәжірибе алмасуды мақсат еткен шарамызға, негізінен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің ғалымдары, докторанттары мен магистранттары және студенттер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қазіргі аударматану ғылымының дамуындағы өзекті мәселелер, мәдениеттер тоғысындағы аударматану ғылымының өткені, бүгіні мен келешегі, оған қатысты қалыптасқан жаңа үрдістер мен дәстүрлі бағыттар талқыланып, білікті мамандар практикалық тұрғыдан жинақтаған өз тәжірибелерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел модераторы ‒ ф.ғ.к., аға куратор-эдвайзер Байелі Әсел Жарылқасынқызы өзінің кіріспе сөзінде қазіргі заманғы аударматану ғылымы алдында шешуді қажет етіп тұрған келелі міндеттер мен тенденцияларға арнайы тоқтап өтіп, дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі. Ф.ғ.к., профессор Мұсалы Ләйла Жұматайқызы «Көркем тәржіманың тарихы мен болашағы» тақырыбында жасаған баяндамасында Қазақстан және шет елдердегі мәдениаралық коммуникация аспектісіндегі қазіргі аударматану ғылымына қатысты туындап отырған көкейтесті мәселелермен жиналған тыңдармандарды таныстырып өтті. Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Алпысбаева Айгүл Ерболатқызының «Қазіргі қазақ аударма индустриясы» атты баяндамасында аударма жасау кезінде инновациялық әдістер мен заманауи цифрлық технологиялар қолданудағы жетістіктер мен соған сай жаңа көзқарастар жайында сөз етілді. Сондай-ақ кафедраның аға оқытушысы Азимбаева Индира Қайратқызының «Абайды білмек парыз» баяндамасы аударматану мен лингвомәдени концептология және ұрпақтардың мәдени сабақтастығына арналып, онда ғалым Абай шығармаларын басқа тілдерге аудару кезінде туындайтын қиындықтарға тоқтала келе, соған қатысты мәдениаралық коммуникация аспектісін қазіргі аударматану ғылымында тиімді пайдалану жолдарын да атап өтті. Ал аға оқытушы Төреханова Рауана Аманбайқызының «Гендерлік ерекшеліктердің тіл және аудармадағы көрінісі» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстанның этносаралық толеранттық және қоғамдық келісім моделіне сәйкес жасалып, онда қазақ әйелі мен оның басқа адамдармен қарым-қатынас жасау барысында кездесетін тілдік ерекшеліктеріне арнайы ғылыми тұрғыдан көңіл бөлініп, баяндама тілдік тұлға және этникалық ренессансты этнос тілі тұрғысынан ескерудің бүгінгі аударматанушы мамандар үшін маңыздылығына арналған.
Шара барысында кафедраның 2-курс докторанты Стамбекова Айжан Ермековна өзінің жасаған «Көркем әдебиетте сленгті ағылшын тілінен орыс және қазақ тілдеріне аударудағы қиындықтар» атты баяндамасында тілдер мен мәдениеттер диалогы және соған қатысты жүргізілетін пәнаралық зерттеулер, мәдениеттер тоғысындағы аударматану ғылымы, оның әдіснамалық негіздері және оған тән өзіндік ерекшелігі мен келешегі туралы сөз етіліп, аударматану саласын ғылыми тұрғыдан зерттеудің жаңа деңгейі көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультетінің шетел филологиясы және
аударма ісі кафедрасының докторанты Айдана Мүтәліп, аға оқытушысы,
ф.ғ.к. Байелі Ә.Ж., PhD Алпысбаева А.Е.