Ондағы жағдайды көзбен көрген «Атамекен» ҚР ҰКП сарапшылары кәсіпкерлерге де құлақ асты. Жетісу облысы жағындағы жағалауда орналасқан демалыс базаларының бірінің иесі Инна Дорош 2017 жылдан бастап жұмыс істейді.
«5 жыл ішінде электр қуатының жиі сөнуі, әлі күнге дейін орталық сумен жабдықтау мен кәріз жүйелерінің проблемасы әбден шаршатты», — дейді Инна Дорош.
Егер мұндағы электр қуатының проблемасы шешілсе, біраз мәселе қалыпқа келеді. Мәселен, техникалар жиі істен шықпайды. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу және интернетті пайдалану мәселелері бірден реттелері даусыз.
«Біз суды өзіміз тарттық, кәріз құбырын жүргіздік. Жеке қосалқы электр станциямыз және өз электрик маманымыз бар. Сондықтан қонақтарымыз жарықсыз, шаммен отырмайды. Бірақ келушілер баға Түркиядан да қымбат деп шағымданады. Орташа базалар өздерін біз сияқты инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан оларда проблемалар бар. Атап айтқанда өрт қауіпсіздігі мәселесі. Жарық жиі сөнетіндіктен шаммен отыруға мәжбүр болады. Тоңазытқыштағы өнімдер бұзылады. Сондықтан қызметке шағымдар көп түседі. Айына бір рет тұрмыстық техниканы «Камазға» тиеп, Алматыға жөндеуге алып келеміз», – дейді кәсіпкер.
«Бір мәселе басқа мәселелерді тудырады. Біз биліктен ақша сұрамаймыз, несие де қажет емес, бізге үздіксіз электр қуатын беріңіз. Қазір жарықты сөндіреді, «Қазақтелеком» интернет беруді тоқтатады. Қонақтардың көбі төлем карталарымен келеді, ал біз терминалды пайдалана алмаймыз. Бірде демалуға келген әйел осындй келеңсіздіктің кесірінен тамақ іше алмағаны үшін қатты айқайлады. Ең болмаса маңайда банкоматта жоқ. Ең жақыны 70 шақырым жерде орналасқан», – деп ашынды Инна Дорош.
Өткен жылы Халық банкі демалыс аймағында банкомат орнатуды жоспарлаған. Бірақ жүзеге асыра алмады.
Демалыс орындарынан тыс жерлерде де проблемалар бар: жағажай аймағында абаттандыру жұмысы аяқталмаған, жол жиегіндегі тротуарлар мен жолдар, жарықтандыру мәселесі тұралап тұр. Тау боп үйілген қоқыстар мен жұмыс істемейтін дәретханалар проблемасына құтқарушылардың жоқтығын қосыңыз. Су көлігінің мәселесі де жетерлік. Катамарандар, қайықтар мен скутер иелері демалушылармен бірге жағада жүзеді. Кәсіпкерлер жергілікті әкімдік айлақ салуға уәде бергендерін айтты, бірақ ол да сөз жүзінде қалған.