Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.
«Мұндай жағдайда тез бейімделу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгерістердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажеттілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.
«Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде коммерциялық банктердің бағдарламалық қосымшаларында мемлекеттік қызметтерді ұсыну екенін атап өтті. Бұл – онлайн-ипотека, автокөлік сатып алу/сату, салық төлеу, жәрдемақы алу және тағы басқа да қызмет түрлері.
Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында «таза парақтан» реттеу қағидаттары да енгізілуде. Олар тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне негізделген. Бұл бақылау тиімділігін арттыруға және тексерулер санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов атап өткендей, стратегиялық міндет – өтініштерді өңдеуді жеделдету және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтер саласына интеграциялау. Бұл ретте дербес деректерді қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануы тиіс.
Үкімет басшысы бүгінде жасанды интеллект элементтері өндіріс саласында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, денсаулық сақтауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде және т.б. салаларда қолданылып жатқанын атап өтті.
«Жасанды интеллектті қолданудың сәтті мысалдарының бірі – CEREBRA медициналық платформасы. Ол сандық технологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диагностикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол жасанды интеллект құралдарын дамыту үшін ауқымды деректер мен есептеу қуатына қол жетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.
«Бізде барлық мемлекеттік органдардың деректерін шоғырландыру және өңдеу тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта біз кәсіпкерлер мен стартаптар қауымдастығына жеке тұлға мәліметтері жоқ деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтап жатырмыз. Жыл соңына дейін біз ғалымдарымызды, ғылыми-зерттеу институттары мен бизнесті қажетті есептеу қуатымен қамтамасыз етеміз», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Өңірлік ІТ-экожүйені дамыту мәселесіне тоқталған Әлихан Смайылов өзін инновациялық кластер және стартаптардың негізгі серіктесі ретінде танытқан Astana Hub халықаралық технопаркін мысалға келтірді.
«Қазір біз бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз», — деді Әлихан Смайылов.