Жиын басында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының форум қатысушыларына арнаған хатын оқыды.
«Ардақты ағайын, Сіздерді «Отандастар» форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта: «Келісіп пішкен тон келте болмас», деген сөз бар. Халқымыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашан да мән береміз. Олардың тарихи отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуыға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді», — деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді Мәлік Отарбаев.
Айта кетейік, бүгін елордада «Отандастар» форумы өтіп жатыр. Шара аясында шетелдегі қандастармен байланысты нығайту, мәдени жобаларды бірлесіп іске асыру үшін этносаяси бірлестіктермен әріптестік орнату және инвестициялық климатты жақсарту бойынша ұсыныстар талқыланады.
Форумға шет мемлекеттерде тұрып жатқан белгілі қазақтар жиналды. Атап айтқанда, ұлы Абайды қытай тіліне аударған қаламгер Акбар Мәжит, Өзбекстанның Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев, Франциядағы Крей қаласы мэірінің орынбасары Есшим Саваш бар.