Кездесуде 400-ден астам кәсіпкер Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады. Сондай-ақ ауқымды жиында тауарларды экспортқа шығару, импорт, туризм мәселелері қарастырылды.
Басқосуға қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің Қытаймен экономикалық қатынасты нығайтуға дайын екенін айтты.
«Қазіргі таңда Алматы облысында 4 индустриалды аймақ бар. Оның екеуі толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтардың қызметі экспортқа шығарылатын тағамдық, химиялық өндіріске, құрылысқа қажетті тауар өндіруге бағытталған», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының сөзінше, Алматы облысында өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді.
«Облыста 1300-ден астам өндіріс ошағы бар. Оның ішінде халықаралық деңгейдегі Coca-Cola, Эфес, Филипп Моррис, JTI, Лукойл, Маревен Фуд Тянь-Шань секілді кәсіпорындар қызмет етеді. Біздің өңір азық-түлік, шырын, темекі өндіруден алдыңғы қатарда. Бүгінде еліміздің темекі өніміне сұранысын 99% қамтып отырмыз», — деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, шетелдік серіктестермен ұтымды әріптестік құру туризм саласының дамуына тың серпін береді.
Түрлі бағыттар жайлы талқыланған жиында өңірдегі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Қытайдағы Цзянсу провинциясының сауда департаментімен Меморандумға қол қойды. Құжатта сауда және инвестиция саласындағы әріптестік жайлы жазылған.
Айта кетейік, Алматы облысында қытайлық капиталдың қатысуымен 56 инвестициялық жоба (фармацевтикалық зауыт, Бұғытыда вольфрам өндіру өнеркәсібі, ЖЭС, күн электр станциясы)
жүзеге асқан.