Алайда, жер мен үйдің бағалау құнына келіспеген жұрт Алматы облысының әкімдігіне жиналды.
«Бағалаушы компания үй салынған аумақты, іргетасы қаланған үйді жер есебінде санап кеткен. Сондықтан біз ол серіктестікпен келісімшартты үзгенбіз. Алайда тағы да конкурс ойнатылып, осы компания оны ұтып алған. Сондай-ақ жер мен үй нарықтағы бағадан төмен бағаланып жатыр. Мұнда 5 сотық жер 5 млн теңге тұрады. Сүрілуге тиіс үйлердің тізімі үнемі өзгереді. Бізге жердің орнына жер қарастырып, Елтай, Исаев, Шамалған және т.б. елдімекендерден жер ұсынып жатыр. Бірақ, ол жерге көңіліміз толмай тұр», — деді тұрғындар.
Жұртшылықпен облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов сөйлесті. Ол жер қатынастары басқармасының басшысына ауылға барып, жер мен үйлерді бағалаушы серіктестікпен, газ құбырын тартып жатқан компания мамандарымен кездесіп, мәселені шешуді тапсырды.
Аталған басқарма басшысы Аманжол Абдрахманов ауылға барды. Газ құбыры жүріп жатқан жерге барлық құзырлы мекеме қызметкерлері жиналды. Халықпен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Қыдырбаевтың сөзінше, 131 үй сүріледі. Олардың бағалау құны шығып қойған. Өтемақы есебінде төлеу үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд 400 мың теңге бөлінген.
«Мұнда 481 бос жер учаскелері бар. Олар да мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Бұл жерде шілде айында бағалаушы компания жұмыс жасаған. Халықтың шағымы бойынша ол серіктестікпен келісімшарт үзілген. Бірақ, екінші ретте де конкурста осы компания ұтып алған. Енді әкімдік мамандары олармен сөйлесіп, 1-2 күн ішінде тендерді қайта ойнатады», — деді бөлім басшысы.
Облыс әкімдігі мамандарының сөзінше, жер мен үйлердің бағалау құны қайта анықталғаннан кейін тұрғындар шағымы туса, жергілікті атқарушы орган сотқа жүгінеді.