«Әріптесіңіз Ринат Зайытов «Қазақстанда орыс тілі әдебиетінің сағатын қысқарту керек. Неге біздің балалар тек орыс әдебиетін оқуы керек?» деген еді. Қазір Қазақстандағы мектептерде орыс тілі пәнінің сағаттарын қысқарту керек пе?», — деп сұрады тілшілер Мәжіліс кулуарында.
Ерлан Қошанов Мәжілісте алуан түрлі пікірі бар депутаттар жиналғанын, әр депутат өз пікірін айтуға құқылы екенін жеткізді.
«Ең алдымен бізге орыс тіліне тыйым салу керек пе, әлде мемлекеттік тілді дамыту керек пе? Бұл туралы бұрын да пікірімді айтқамын. Сондықтан біз, біздің балаларымыз, ұрпағымыз неғұрлым көп тіл білсек, соғұрлым басқа елдердің тұрғындарынан бір деңгей биік тұрамыз», — деді спикер.
Мәжіліс спикері сондай-ақ орыс тілі де, ағылшын тілі де керек, алайда бірінші кезекте басымдық мемлекеттік тілде болуы керек екенін жеткізді.
«Сондықтан мектеп бітірген балаларымыз мемлекетті тілді еркін меңгеріп шығуы керек. Мәселе сонда емес пе? Мұнда басқа тілдерді оқытуға кедергі жоқ. Біз басқа тілдерді оқытуды төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеуіміз керек. Бәрін де дамыту керек, бірақ мемлекеттік тілге басымдықты сақтау керек», — деді ол.
Бұған дейін Ерлан Қошанов мектепке хиджабпен бару дауына қатысты пікір білдіріп, мектепті діни ағымдар ордасына айналдырмау туралы айтқан еді.