Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Instagram-парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жазба жариялады.
«Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын. Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Қазақстан – Солтүстік Ирландия матчы 10 қыркүйек күні елордадағы «Астана – Арена» стадионында өтті. Ойын 1:0 есебімен ҚР құрамасының пайдасына аяқталды.
Матчтан кейін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев футболшыларды арнайы құттықтап, киіну бөлмесіне барды.