Нәтижесінде, атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы ұсынылып, ҚР атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, мақұлданған еді. Күні кеше аталған мәселеге қатысты үлкендіктердің үнін есту үшін жария тыңдау өтті.
Жиынға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова, Қазақстан атом электр станциясы компаниясының бас директоры Тимур Жантикин және Қазақстанның азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева қатысты.
Келелі кездесудің басында сөз алған аудан әкімі бұл бастаманы тұрғындар бұрыннан күткенін алға тартты.
«Біздің халықпен әр өткізген кездесуіміз, жиындарымыздың басы «АЭС қашан салынады?» деген сауалдан басталатын. Жамбыл ауданында электр энергиясының жеткіліксіздігінен бүгінгі таңда құны 200 млрд-тан астам жоба тоқтап тұр. Сол себепті, ауданнның болашағы үшін АЭС салу тиімді болмақ», — деді аудан басшысы Нұрлан Ертас.
Ал, Энергетика министрлігінен келген Гүлмира Мурсалова заң бойынша АЭС орнын үкімет белгілейтінін, алайда бұл шешім тек «жергілікті атқарушы органның келісімімен бекітілуі» керектігін тілге тиек етті.
«Үлкен ауылында атом электро стансасын салуды ауыл тұрғындарғы қолдайды ма, жоқ па? осыны білу мақсатында жария тыңдау өткізіліп жатыр. Бағана айтылғандай АЭС құрылысы жүргізілетін жерді үкімет анықтағанымен, оған жергілікті халықтың келісімі керек. Одан кейін қоғамдық тыңдаулар өтетін болады», — дейді Гүлмира Мурсалова.
Оның сөзін Қазақстан атом электр станциясы компаниясының бас директоры Тимур Жантикинде қоштады. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыратын мердігерлер әлі анықталмаған.
Қазақстанның азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева болса АЭС құрылысынан үрке қашудың қажеті жоғын алға тартты.
«Біз дамыған елдердің қатарына кіргіміз келеді. Ендеше жаңашылдыққа бет бұрудан тартынбауымыз керек. Мысалы, АҚШ-тың өзінде 98 энергоблок бар. Біз сөзбен айтқанда, дамыған елдердің бәрі АЭС-ын тұтынады. Аталған жоба өңірдің келешек қуаты үшін қажет», — деді Бану Ғаниқызы.
Жиында төбе көрсеткен сарапшылар мен жергілікті билік өкілдері өз пікірін ортаға салып болған соң сөз кезегін Үлкен ауылының тұрғындарына берді.
Алғаш болып ортаға шыққан Асылай Қайырбекова, жобаға қарсылығы жоқ екенін ашып айтты.
«Менің бұл жерде тұрып жатқаныма 40 жылдың жүзі болды. Шағын ауылдағы халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Тіршілікті қайта жандандыру үшін жаңа бастама керек. АЭС бұл — жарық. Жарықыз отыру мүмкін емес. Ертеңгі күні қараңғыда қалмау үшін АЭС салынғаны жөн», — деді ол.
Үлкен ауылының Болат Рахимов атты тұрғыны да өз ойын ортаға салды. Ол келер күн үшін атомды игеру керек деген ойын жеткізді.
«Ақсүйектен бері өттіңіздер ғой. Сол Ақсүйек пен екі ортада Балқаштың ортасы бар – Алакөл деп аталады. Алакөл қадір бөлініп қалды.Үш жылдан кейін келіңіздер – Алакөл жоқ болады, 20 жылдан кейін Алакөл қайтадан пайда болады. Балқаштың өзінің циклі бар. Егер болашағымызды ойласақ, балаларымызды ойласақ, атомды игеруіміз керек. Әйтпесе, киіз үй тігіп, қайтадан бәріміз қой бағып кетейік», – деді.
Осылайша, Үлкендіктер үлкен бастамаға қарсы емес екендерін айтып, тарқасты.