Алдымен полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында тұрғындармен кездесті. Қазір құқық қорғау органдары ауыл тұрғынының шағымы бойынша жұмысты бастады. Олар көші-қон қызметімен бірлесіп, көрші мемлекеттен келген азаматтардың құжаттарын тексеріп жатыр.
«Аталған жанжал бойынша объективті, заңды шешім қабылдау үшін тараптардың барлық дәлелдері қарастырылады»,- деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде тұрғындар Өзбекстаннан келген мигрант 4-сынып оқушысына тиіспек болғанын айтып, наразылық білдірген болатын. Қыздың әкесі Ұлан Болатбаевтың айтуынша, 18-20 жастағы шетелдік азамат құрылыс маңынан өтіп бара жатқан оқушыға бірнеше рет «Сен өте әдемісің»,- деп көңіл білдірген. Кейін дүкеннен шыққан 10 жасар қызды үйіне қайтар жолда артынан еріп отырған. Қауіпті сезген қыз қорыққанынан үйіне қарай жүгіріп, құтылып кеткен. Кейін ата-анасы хабардар болып, соңы жанжалға ұласты.