Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған серіктестік өкілдерімен кездесу өткізді.
Компания мамандарының айтуынша, университет жанында емхана, аурухана, ғылыми-зерттеу орталығы, мектеп, балабақша, қонақ үй де салынады. Бұл аумақты эко-аймақ ретінде дамыту жоспарланып отыр. Университетте сабақ беретін оқытушылар Ұлыбритания немесе Малайзиядан келеді. Олар ауруханада да қызмет етпек. Англиялық серіктестікпен бірлесе отырып, барлық нысандарды «Самсунг» компаниясының техникасымен жабдықтау мәселесі қарастырылып жатыр.
«ЖОО-да жақсы нәтиже көрсеткен студенттер үшін жылына 100 грант бөлінеді. Жергілікті білімгерлердің оқу ақысы 20 пайыз төмен болады. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, соңғы 2 жылын Англияда оқыған студент қазақстандық және ұлыбританиялық екі диплом алады. Ал кітапхана ДСҰ стандартына сәйкес жасалады. Емхана 1000 төсектік болмақ. Мұнда генетикалық, онкологиялық ауру түрлеріне душар болған науқастар емделеді. Генетикалық ауруға шалдыққан пациенттердің 40 пайызын тегін емдейміз, оңалту орталығы аутизммен ауыратындарға тегін қызмет етеді», — деді компания өкілі.
Сондай-ақ ол нысанның жалпы аумағы 75 гектар болатынын атап өтті. Ал жобаға құйылатын инвестиция көлемі – 552 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру 100 пайыз инвестор тарапынан болады.
«Бұған дейін Бельгия, Шри-Ланка, Бангладеште оқу ошағын салғанбыз. Қазақстандағы ЖОО-ны Талғар немесе Іле ауданында салуға ниеттеніп отырмыз», — деді серіктестік маманы.
Облыс әкімі болса, болашақта Қонаев қаласы кеңейіп, «Жаңа Іле» аумағында жаңа шаһар бой көтеретінін, сондықтан ЖОО-ны облыс орталығында салу тиімді екенін айтты.
«Талғар, Іле аудандарында мемлекет меншігіндегі жер көлемі аз. Ал Қонаев қаласының жақында ғана Бас жоспары бекітілді. Оған сәйкес, бұл аумақта медициналық кластерді дамытуды жоспарлап отырмыз. Ендігі жылдан бастап инженерлік желілер тартылады. Сол үшін бізге ЖОО-ны Қонаевта салған тиімдірек. Басқа аудандардан жер қарастырамыз десеңіздер, процесс ұзаққа созылуы мүмкін», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы облыста ЖОО-ға сұраныс бар екенін де айтты. Оның дәлелі – Қарасай ауданындағы Сулейман Демирель атындағы Университет. Бұл оқу ордасына түсуге Алматыдан, басқа қалалардан келіп жатқан абитуриенттер саны жыл санап артып келеді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Лязат Ақтаева компания оқытуға ниетті болып отырған парамедицина мамандығының аса қажет екенін сөз етті.
«Көршілес жатқан Жетісу облысы мен Алматыда парамедицина дұрыс дамымаған. Бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Қазақстанда кез келген нарықтық жаңалыққа есік ашық. Алматы облысында санавиация, онкологиялық емхана, жедел жәрдем стансасын салып, дамытуға потенциал жеткілікті», — деді басқарма басшысы.
Кездесу соңында қостарап алдымен ЖОО салатын аумақты анықтап алып, кейінірек басқа мәселелерді талқылауға келісті.