Алдымен көлдің тартылуы жайлы айтсақ, Іле өзені ағынының көпжылдық деректерімен салыстырғанда, 2020-2021 жылдары «Қазгидромет» РМК деректері бойынша су аз жылдар болған. Мұндай жылдар ара-тұра қайталанып тұрады. Сәйкесінше, Балқаштың жағасы кейін шегінгені рас. Дегенмен, ешқандай экологиялық қиын жағдай туындап отырған жоқ, дейді бассейндік инспекция мамандары. Сөзіміздің дәлелі болсын, осы жылдың маусым айында жүргізілген есептеулерге сәйкес, Балқаштың деңгейі 341,85 м болып тұр. Ал көлдің шекті деңгейі — 341 метр.
«Балқаш көліндегі экологиялық тұрақтылық Қытайдан келетін су мөлшеріне байланысты (Іле өз.). Көпжылдық деректерге сай, көршілес елден жылына 11,7 текше шақырым су келетін, ал Қаратал, Лепсі, Аягөз, Бақанас, Тоқырау т.б өзендерден 3,18 текше шақырым. Іле Балқаштың батыс жағасына құйса, қалған өзендер шығыс жағаға құяды. Сонымен қатар Іле өзенінің суы Қапшағай су қоймасына да құятынын айта кеткен жөн», — деп жазды Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының баспасөз қызметі.
Қоса кетерлігі, «Қазгидромет» РМК гидропосттары Балқашқа құйылатын өзендер мен оның көлеміне мониторинг жүргізеді. Жалпы бассейн аумағында 765 өзен бар.
Енді көлдегі балық ресурсының азаюына келсек, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Кумашевтың айтуынша, көлде 24 балық шаруашылығы субъектілері бар. Балық ресурстарын сақтау мақсатында 2022 жылы көлге 722,467 мың дана балық шабақтары жіберілді.
«Ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша балық пен басқа да су жануарларының саны тұрақты. Сонымен қатар балықты коммерциялық пайдалану көлемін арттыруға да болады. Қазіргі таңда балық аулаудың жылдық лимиті – 8700 тонна», — деді Ринат Кумашев.
Сондай-ақ ол браконьерлермен күресу үшін үнемі рейд жүргізілетінін айтты.
«Биыл инспекция қызметкерлері Балқаш көлінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 171 фактісін анықтады. Аталған деректер бойынша 159 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша 16 іс қозғалды. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарға 3,1 млн. теңге сомасында айыппұл салынды. Мемлекетке шығын келтіргендерден 9 су көлігі және 4405 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді», — деді маман.
Инспекция бақылауындағы су айдындарында браконьерлік фактілері туралы жедел хабарлау үшін «poymay.kz» мобильдік бағдарламасын әзірлеушілермен меморандумға қол қойылған. Бұл балықтың азайып кетпеуіне септігін тигізеді.
«2022 жылдың 15 қазанынан бастап жүйеде 142 өтінім тіркелді. Көрсетілген өтінімдер бойынша инспекция қызметкерлері 48 заңбұзушылықты анықтады, ұзындығы 42 шақырымнан астам балық аулауға тыйым салынған ау судан алынды», — деді Ринат Кумашев.