Тілшілер бірінші күні тұрғындар пікірін білсе, кеше өзбекстандық Dj King Macarella-ның пікірін біліп, кешкі концертке қатысып қайтты.
Өнерпаздың айтуынша, фестиваль жоғары деңгейде өтіп, оған қазақстандық көрерменнің қолдауы ерекше әсер еткен.
«Қазақстанның үлкен сахнасына бірінші рет шығып тұрмын. Бұған дейін клубтарда ғана болғанмын. Ұйымдастырушылардың керемет шараға шақырғанына алғыс айтамын. Әуе шарлары да ұшты, әдемі болды барлығы. Халықтың энергетикасы да мықты әсер етті. Сахнада өнер көрсету маған ләззат сыйлады. Қайта шақырса келуге әзірмін, ол туралы ойлаудың да қажеті жоқ. Қазақстан дами берсін!» — деді диджэй.
Бұдан бөлек, шараның соңғы күні Қонаевта Umberto Project, Luxury Band асқақтата ән шырқады.
Фестивальдың екінші күнінде ойын-сауық конкурстары, спорттық эстафета, цирк, биден шеберлік сағаты өткенін де айта кетейік.
22 шілде әуе шарларын тамашалап, көңіл көтеру үшін 40 мың адам жиналса, 23 шілде күні де олардың қарасы аз болмады. Тіпті, сахнада бір жігіт өзінің сүйіктісіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады.
Тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер екі күн бойы кезекшілікте адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар жол қозғалысын реттеуші мамандар да дамыл қақпай жұмыс істеді.
Шара Мирас Жүгінісовтің әнімен және отшашумен өз мәресіне жетті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram