Көршілес 4 облыс өкілдері мен тиісті министрлік мамандары жиналған шара ең алдымен аудандағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егістік алқабын аралаудан басталды.
Мұнда будандастыру арқылы алынған бидайдың, жүгерінің, жоңышқаның, сояның бірнеше түрлері егілген. Арасында атақты әнші Димаш Құдайбергеновтің құрметіне арналған бидай түрі де бар. Бұл сұрыптардың ерекшелігі — Қазақстанның табиғатына бейімделген. Яғни, құрғақшылыққа төзімді, өнімді де көп береді. Жалпы институт тарихында жаңа 650 сұрып шығарылған.
Енді білім ошағының Алматы облысына ықпалына келсек:
- өңірде күздік бидай сорттарының өзі 102,5 мың га-ға,
- жаздық бидай — 32,5 мың га,
- арпа — 72,2 мың га,
- жүгері — 35,9 мың га,
- сұлы — 1,9 мың га,
- соя — 28,9 мың га,
- күріш — 7 мың га,
- қант қызылшасының будандары 0,6 мың гектарға егіледі. Мұның барлығы институт шығарған жаңа сұрыптар.
Десе де, мамандар бұл көрсеткіш жеткіліксіз екенін айтады. Сол үшін осы семинардан кейін облыс басшылығы институтпен ынтымақтастықты одан ары күшейтіп, ауыл шаруашылығын дамытпақ ниетте.
Сондай-ақ алқаптың бір бөлігіне тыңайтқыш себетін дрондар, тракторлар, ауыл шаруашылығында қолданылатын ауыр техника, өсімдіктерді зерттейтін арнайы көлік, тыңайтқыштар көрмесі қойылған.
Ал кеңесте бірінші сөзді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, саладағы түйіткілді мәселелерге тоқталып өтті. Айтуынша, шаруаларды жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету қажет. Себебі, облыста барлық себілген тұқымның ішінде 25%-ы ғана жоғары сапалы. Сәйкесінше, өткен жылы гектарынан тек 25-35 центнер ғана өнім алынған.
«Дәнді дақылдардың жоғары сапалы тұқымын себу өнімділікті 1,5-2 есе арттырады және астық өнімділігін гектарына 70-100 центнерге дейін жеткізеді. Шаруалардың кірісі артпай отыр. Сондықтан жоғары сапалы тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, тұқымдарды субсидиялау түрінде қосымша тетіктерді бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өнім көлемін арттырудағы келесі маңызды фактор – суару. Өңір басшысының сөзінше, облыста су жеткілікті. Алайда, оны үнемдеп пайдаланатын технология дамымай тұр. Былтыр 20,2 мың гектарға ғана су үнемдеу технологиясы қолданылды.
«Мұндай технологияларды қолдану басқа суару әдістерімен салыстырғанда су шығынын 20-дан 80%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Технологияны салыстыру үшін біз қытайлық инвесторлармен үлкен тәжірибе жасамақпыз. Бір жерді екіге бөліп, екі түрлі технологияны қолданамыз. Тәжірибе соңында қай елдің технологиясы ұтымды екені анықталмақ. Сондықтан біздің Егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтын осы бастаманы ғылыми сүйемелдеуге шақырамыз», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол 57,9 млрд теңгеге 6 суару жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Бұл облыста 40 мың гектарға жуық жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елімізде тұқым шаруашылығы ғана емес, оның негізі — селекцияның да нашар дамығанын сөз етті.
«Жаңа сорттарды өсіру ескі әдіске негізделген. Бізде оған 12-15 жыл жұмсалады, ал дамыған елдерде молекулалық биология және гендік инженерия негізінде жаңа сорт шығаруға 3 есе аз уақыт кетеді. Осы мәселені шешу үшін біз зерттеу университеттерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалануды жоспарлап отырмыз», — деді вице-министр.
Кеңесте аграрлық ғылым жүйесін реформалау, АӨК-ке тартылатын инвестицияны 4 есе көбейту, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру жайлы да айтылды.
Шараға жиналған жұртшылық түстен кейін Жібек жолы ауылында орналасқан бидай өңдейтін «АзияАгроФуд» зауытының жұмысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде 264 мың гектар суармалы егістік бар. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, 30 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы және 220 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық тіркелген.