Дегенмен, су мәселесі аудан, облыс басшылығының бақылауына алынған. Мысалы, өткен сенбі облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов Талғар ауданына барып, салынып жатқан магистралды су құбырының, Нұрия топтық су жүйесінің жұмысымен танысты.
Аудан әкімі Танат Айдарбековтің айтуынша, қаланы сумен қамтитын 2 резервуардың тозығы жеткен. Алайда, бұлар тазаланып, қайта қолданысқа беріледі.
Бұдан бөлек, 2000 кубтық 4 резервуар қойып, селден қорғау бөгетінен кәріз-тазарту жүйесіне дейін су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жобаның құны 2 млрд теңге. Бұл нысан ендігі жылы мамыр айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде қаланың 80%-ы ауыз сумен қамтылмақ. Шаһарда суды фильтрден өткізетін 3 нысан бар. Олар да тазаланады.
Ауыз суға қатысты жобаның бірі — артезиан суын халыққа жеткізетін сорғылар. Қазіргі таңда олар жұмыс істеп тұрған жоқ. Оны іске қосып, резервуарларды тазалау мақсатында 64 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алулар сайтында конкурс жарияланған. Сорғылар жұмыс істесе, Талғардың төменгі жағы сумен қамтамасыз етіледі.
Ал Нұрия топтық су жүйесінен Қызылқайрат, Тұздыбастау, Белбұлақ, жалпы Бесағашқа дейінгі ауылдарға су беріледі. Жазда қар еруіне байланысты ауыз су лайланып жатыр. Бүгінде нысанды «Талғар Су» серіктестігінің иелігіне алу жоспарланып отыр. Содан кейін ғана суды тазартатын сүзгі жобасы жасалмақ.
Мұндағы Бесағаштың мәселесі тіптен күрделі. Өйткені, су қысымы жеткіліксіз. Бұл өз кезегінде тұрғындардың шағымдануына әкеп соғады. Ауылдағы су жүйесінің тозығы жеткен, бұған дейін бір рет те жаңарту жұмысы жасалмаған. Айта кететін жайт, Бесағашты сумен қамтитын «Тасқын су» жеке серіктестігі «Алматы су» компаниясы арқылы су алып отыр. «Тасқын судың» екінші компанияның алдында 200 млн теңгеден астам берешегі бар. Десе де, су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалған, жақында сараптамаға өткізіледі. Жоба құны 6,5 млрд теңгені құрап отыр.
Түйіні тарқатылуы керек келесі проблема кәріз жүйесімен байланысты. Бүгінде кәріз суы жиналатын жер арнасына толып кеткен, сасық иіс болса, тұрғындарды әбден мезі еткен. Сол себепті мұнда сорғы стансасы салынады. Кәріз суы өтетін құбыр «Алматы су» жүйесіне қосылып, орталықтандырылады.
Барлық нысанды аралап шыққан Нұржан Құдайбергенов жобаларды жарты жолда қалдырмай, тездетуді тапсырды.