Ол алдымен саяжай массивтерінің мәселесіне тоқталды. Себебі, облыс әкімінің айтуынша, саяжайлардың облыста тым көбейіп кетуі заңсыз сегменттеудің, яғни, жердің пайдалану мақсатын өзгертіп, бөлудің кесірінен болған.
«Қазіргі таңда облыста 674 саяжай бар. Оның барлығы сегменттеудің кесірінен пайда болған. Кейіннен ол жаққа адамдар тұрақты тіркеліп, 183 мың халық мекен етеді. Ал тіркеуі жоқтарды есептегенде, аталған санды екі есе көбейтуге болады. Біз үшін үлкен проблема – осы. Ол жаққа не инженерлік жүйелерді тарта алмаймыз, не жолын кеңейтіп, мектеп сала алмаймыз. Бірақ, адамдар тұрып жатқан соң, саяжайларға елдімекен статусын бермек ниеттеміз. Биыл 200-ге жуық саяжай ауыл қатарына енеді. Былтырдан бастап сегменттеуге хаттама бойынша шектеу қойдық, аудан әкімдеріне жеткіздік. Бұған дейін жол берілген жағдайлардың зардабы көп болып тұр», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жер қатынастарына байланысты облыс әкімі:
- аудандар мен Қонаев қаласының әкімдеріне жер комиссияларының жұмысын Жер кодексінің талаптарына сәйкес келтіруді;
- әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етуді;
- полиция департаментіне саяжай массивтеріне адамдардың тіркелуін уақытша немесе шартты етудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Екінші мәселеге тоқталған Марат Сұлтанғазиев білім саласындағы жемқорлық облыс үшін «қара дақ» екенін айтып, мәселенің шешімін табу керектігін тілге тиек етті.
«Мектептерде есепшілердің жұмысы қиын емес. Бухгалтерияны орталықтандыруды ұсынамын. Сонда бақылау да оңай болады. Білім саласы өзін-өзі реттеуі қажет», — деді өңір басшысы.
Сыбайлас жемқорлық деректеріне байланысты облыс әкімі білім басқармасының басшысына бухгалтерлік қызметтің жұмысын бақылауға алып, жемқорлық фактілері анықталса, оны мемлекетке қайтару жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар әкім жолдарды салуда сапалы құрылыс материалдары қолданылып жатыр ма, соны тексеру керектігін атап өтті.
«Жолды салған құрылыс компаниясы жұмысты дер кезінде аяқтап, мемлекетке өткізгенімен, бір жылда шұрық-тесік болады. Бұл өз кезегінде «жол салып жатқанда жемқорлық фактісі орын алған» – деген күдік тудырады. Компаниялар құрылыс материалдарын тиісті лабораториядан өткізіп барып, қолдансын», – деді ол.
Жиын соңында Марат Сұлтанғазиев Антикорға ауыл шаруашылығы саласына мониторинг жасауды ұсынды.
Жалпы осы жылдың екінші жартыжылдығында Антикор автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі, экология, архитектуралық жоспарлау тапсырмасы салаларына талдау жүргізбек.