Айтуынша, жер саласындағы барлық мәселелер жер комиссиясының шешімі негізінде жүзеге асырылады. Алайда, комиссия мүшелерінде белгілі бір жауапкершілік болмағандықтан, жер беру, оны жалға беру, нысаналы мақсатын өзгерту секілді істер жемқорлық тәуекелдерін туындатады.
Мысалы, Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылында жер комиссиясы 69 гектар жердің пайдалану мақсатын «шаруа қожалығынан» «жеке қосалқы шаруашылыққа» өзгертіп, кейіннен бұл жер 9 учаскеге заңсыз бөлінген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар департамент өкілі бірнеше ауданда жер комиссиясы мүшелерінің көп жылдан бері ауыспағанын айтып, тамырланғанын тілге тиек етті.
«Тағы бір тәуекел – жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту. Алматы облысының 4 ауданында осындай фактілер анықталды (Қарасай, Талғар, Іле, Жамбыл). 5,5 мың га жер 56 000 учаскеге бөлініп, онда 30 000-ға жуық құрылыс нысандары салынған. Бұл жайында Жер инспекциясын хабардар еткенбіз», — деді Нұрсұлтан Бекинов.
Оған қоса, департамент облыста жер саласын автоматтандыруға бөлінген қаржыны тиімсіз пайдалану фактісін анықтаған.
«2019 жылы Қазақстан бойынша «Геопортал» атты жүйені енгізу жұмыстары басталған еді. Алматы облысында бұл жобаға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. 2019 жылдың желтоқсанында жоба облыстың бұрынғы әкіміне таныстырылды. Алайда, бүгінгі күні портал толық жұмыс істемейді. Автоматтандырылуы жоспарланған 10 мемлекеттік қызметтің біреуі де жоқ. Сонымен қатар ашық ақпаратқа сәйкес, Петропавлдағы дәл осындай порталдың құны небәрі 60 млн.теңге, бұл Алматы облысы порталының құнынан 17 есеге аз», — деді маман.
Өз кезегінде жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахманов құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдап жатқанын айтты. Мысалы, жерді иелікке алу, жалға беру, сегменттеу, нысаналы мақсатын өзгерту мәселелерін бақылау мақсатында жер қатынастары басқармасының мамандары жер комиссиясының құрамына енді. Сонымен қатар мамандар әр ауданға жауапты болып бекітілді.
«Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың әр жиынын онлайн тікелей эфирге шығару үшін техникалық жұмыстар жүріп жатыр. Сәуір айында басқарма сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді. Нәтижесінде жер комиссиясының құрамына жер қатынастарында қызмет еткен және жер беруде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасаған мамандарды кіргізу қажеттілігі анықталды. Осыған орай, басқарма ауыл шаруашылығы министрлігіне Жер кодексінің 43-бабына өзгерістер енгізу туралы хат жолдады», — деді Аманжол Абдрахманов.
Ал Жаңатұрмыс мәселесі бойынша басқарма Қарасай ауданының сотына Райымбек ауылдық округі әкімінің жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімінің күшін жою туралы арыз тастаған. Сонымен қатар басқарма басшысы Алматы облысының геопорталы 2018 жылы 20 млн теңгеге сатып алынғанын айтты.
«1 млрд теңгелік мемлекеттік сатып алудың геопорталға қатысы жоқ. Ол елдімекендердің инженерлік жүйесін цифрландыру үшін жасалған жеке жоба еді. Техникалық құжатқа сәйкес, цифрлық ақпараттар геопорталға енгізілуі керек болған. Бұл жұмыс орындалды», — деді ол.