«Статистика бойынша жыл сайын ҰБТ-дағы ереже бұзушылардың саны азайып келе жатыр. Мәселен, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы – 2522, 2021 жылы – 756, 2022 жылы – 327 тыйым салынған зат анықталды. Яғни, көрсеткіш 400 есеге азайған. Бұл талапкерлердің бүгінде өз білімдеріне сеніп, академиялық адалдық ережелерімен жақсы таныс екенін көрсетеді», — деп атап өтті Р. Емелбаев.
Оның айтуынша, әлі де шпаргалка көмегіне жүгінетін талапкерлер бар.
«Мысалы, ҰБТ-ның 5 аптасы бойынша ең креативтілерін осы жазбада ұсынынып отырмын. Біздің қырағы бақылаушыларды алдау мүмкін болмады. Балалардың шығармашылық жұмыстары бірден анықталды. Айта кетсем, тестілеу ережелерін бұзу туралы бізге келіп түскен әрбір өтініш қарастырылады», — деді Ұлттық тестілеу орталығынң басшысы.
Айта кетерлігі, өткен жылы постмониторинг нәтижесінде 200-ден астам адамның нәтижесі жойылған, оның ішінде 137-і грант иегері болған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табады.
«Негізгі 2023 жылғы ҰБТ-ның мәре сызығына 2 апта қалды. Тағы бір мәрте талапкерлерді академиялық адалдық принциптерін сақтауға шақырамын. Жетістікке жетудің басты шарты білімді болу екенін ұмытпаңыздар», — деп ескертті Р. Емелбаев.