Жиында алғашқы баяндаманы қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев жасады. Ол Қаңтар оқиғасына тоқталып, жоғары билікті басып алғысы келген арам пиғылды жандардың әрекетіне, ел бірлігін сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қаралы қаңтарда арам пиғылды топ бейбіт шеруді өздерінің жеке мүддесіне пайдаланып, жоғары билікті заңсыз өз қолдарына алғысы келді. Алайда оған мемлекет мүмкіндік бермеді, жылдам шешім қабылдады. Қазақстан халқының 70 пайызға жуығы осы ислам дінін ұстанады. Дегенмен бізде басқа діндерге өте құрметпен қарайды. 2006 жылы мұсылман мерекелерімен қатар хрестиан мерекелері де демалыс күндері болып жарияланды. Елімізде салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің дін ғұламаларын даярлау ісі жандана түсті. Бүгінгі таңда дүниедегі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік түрлі ұлт пен дін өкілдері арасындағы түсініспеушіліктен туындап отырғанын ескерсек, еліміздегі атқарылып жатқан осы бағыттағы шаруалардың маңыздылығын терең түсінуге болады. Қазақстан тәуелсіз және демократиялы мемлекет ретінде орнықты. Елде қазақстандық бірлік пен бірегейліктің барлық қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздері қаланды. Конституция этностық, мәдени, діни әралуандықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттарын бекітті», — деді Жақсыбек Құлекеев.
Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы түркі халықтарының түпкі төрі Түркістан қаласында өтіп жатыр. Алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ басшылары және сарапшылар қатысып жатыр. Жиын барысында бірнеше өзекті мәселелер талқыланады деп жоспарланған.
Айта кетейік, кеше Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы аясында жұмыс секцияларының отырысы өткен болатын. Онда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды.
Жұмыс секциясы отырыстарының қорытындысы бойынша, Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленеді.
Құрылтайдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасайды деп күтілуде.