Заң жобасын қабылдау тұрғындар мен бизнес-құрылымдарға жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратты жеңіл алуын қамтамасыз етуге, жер қатынастары әрі қала құрылысы саласында жемқорлық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша қосарланған процестерді алып тастауға мүмкіндік береді.
«Заң жобасын қабылдау нәтижесінде жер учаскесіне құқықтарды ресімдеу жеңілдейді. Осы орайда қызметтерді электронды форматқа көшіру арқылы автоматтандыру, жер учаскесіне сәйкестендіру секілді бірқатар құжаттарды алып тастау, жер комиссиясының жұмысына өзгерістер енгізу арқылы келісімдер санын азайту, түрлі инстанциялар бойынша құжаттардың барысына онлайн мониторинг жүргізу, құжаттарды қарау және келісу мерзімін 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарту қарастырылып отыр», — деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Оның айтуынша, бұл құжатқа бұрын болмаған ұғымдар енгізілмек. Бұл тұрғыда жария кадастрлық карта, ресімделген жер учаскелерін және олардағы жылжымайтын мүлік объектілерін (ғимараттарды, құрылыстарды) визуализациялау, сондай-ақ бос жер учаскелерін көрсету құралы ескерілген. Бұдан бөлек, жер және құқықтық кадастрларды жүргізуді қамтитын ақпараттық жүйелерді біріктіру жолымен «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі, яғни жер учаскелерінің кадастрлық есебін жетілдіруге бағытталған бірыңғай ақпараттық жүйе қамтылады.
«Сенаттың депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасын талқылау барысында құжатқа тиісті негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң жобасының атауына, сондай-ақ жаңа ұғымдар және кейбір ұғымдардың атауларына өзгерістер енгізілді», — деді Сұлтан Дүйсембинов.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы заң арқылы жер учаскесіне құқықты электронды түрде беру тәртібі айқындалатынын айтты.
«Жерді барынша тиімді пайдалануға жағдай жасау – мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте, жер саласын циярландырудың берері мол екені сөзсіз. Сондықтан қабылданған заң осы бағытта жасалған нақты қадам. Осы заң арқылы жер учаскесіне құқықты электронды түрде беру тәртібі айқындалады және жалпы осы саладағы мемлекеттік саясаттың ашық болуы қамтамасыз етіледі. Заң жобасын қарау барасында Сенат оған қосымша түзетулер енгізді. Алдағы уақытта заң жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», — деді Сенат төрағасы.