Кездесу барысында өңір басшысы бірнеше салада алға жылжу динамикасы бар екенін айтты.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9%-ға, құрылыс жұмыстары – 28,4%-ға, сауда — 8,4%-ға ұлғайды. 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға ұлғайғанын байқатады. Инвестициялардың өсімі 14,1% құрап, 609 млрд. теңге болды», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар облыс әкімі 27 мыңға жуық жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
«Алматы облысының экономикасын дамытуға Қарасай ауданы айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бұл ауданның үлесіне облыстағы өнеркәсіп өнімінің 33%-ы тиесілі. Ауданда 359 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 80%-ы өңдеу өнеркәсібінің еншісінде. 2022 жылы барлық кәсіпорындар 35% өсіммен 531 млрд. теңгеге өнім өндірді», — деді өңір басшысы.
Осы көрсеткішке байланысты Марат Сұлтанғазиев аудан әкімдігі қарқынды жоғалтып алмай, жаңа инвесторларды тарту қажет екенін сөз етті.
«Аудан әкімдігі қол жеткізген қарқынды сақтап қана қоймай, жаңа инвесторларды тарта отырып, саланы дамытуы қажет. Өндірісті жаңғыртуда және өткізу нарығын ұлғайтуда кәсіпорындарға қолдау шараларын көрсету керек», — деді әкім.