АСК төрайымының мәліметінше, ҚР Мәжіліс депутаттарын сайлау жөнінде Қонаев қаласындағы №11 округ бойынша 10 кандидат тіркелсе, Қаскелеңдегі №12 округ бойынша 15 кандидат тіркелді.
Ал облыстық мәслихаттың 19 депутатын партиялық тізімдер бойынша сайлау үшін 6 саяси партияның облыстық филиалдары тізімдерін облыстық сайлау комиссиясына ұсынды. Нәтижесінде барлық тізім қабылданды.
«Мәслихаттар бойынша 523 адамның барлығы тіркеуден өтті. Олардың 388-і өзін-өзі ұсынғандар болса, 282-і түрлі партиялардан. Оның 209 кандидаты – «Аманат», 11 – «Ақ жол», 29 – «Қазақстан халық партиясы», 25 – «Ауыл», 5 – «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы, 3 кандидат – «Республика» партиясынан ұсынылды», — деді Мейрамгүл Айтова.
Төрайымның мәліметінше, сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер БАҚ-та және сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында жарияланды.
Сонымен қатар ол сайлау алдындағы үгіт 4 негізгі тәсілмен жүзеге асырылатынын айтты. Олар:
— БАҚ арқылы;
— баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы;
— сайлау алдындағы жария іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы;
— онлайн-платформа арқылы.
«Өз баға ұсыныстарын ұсынбаған республикалық және өңірлік БАҚ материалдарын жариялауға тыйым салынады. Құқықбұзушлық жасағандар ҚР ӘҚБтК-нің 112-бабының 5-тармағына сәйкес осы норманы бұзу 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады», — деді АСК төрайымы.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында Алматы облысынан 2 депутат Мәжіліске, 38 депутат облыстық мәслихатқа және Қонаев қаласы мен аудандық мәслихаттарға 190 депутат сайланады.