Әкімдік құрамындағы басқарма басшылары да қатысқан бұл басқосуда өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 оқу ошағын тұрғызу мәселесі талқыланды.
«Қазіргі таңда еліміздегі барлық жауапты мемлекеттік органдармен келісілген ереже, яғни «бюджеттік инвестицияны жоспарлау және іске асыру қағидалары» Әділет министрлігіне жолданбақ. Мұнда жергілікті әкімдіктерге ақша аудару тәсілдері мен ережелері жазылады. Осы құжат аясында біздің компания сіздердің басқармаларыңызбен бірлесіп, жобаларды басқару мақсатындағы азаматтық-құқықтық мәміле құруымыз қажет», — деді басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуға тапсырыс берудің ережелері де бекітілді. Компания мектептің жобасын сызудан бастап кілтін тапсырғанға дейінгі жұмыстың барлығын атқарады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев болса, өңірде үш ауысымда оқып жатқан 52 мектеп бар екенін, аталған мәселені жою үшін 63 мектеп салынатынын айтты.
«Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру аясында Алматы облысында 68 200 орынға 63 жаңа білім ошағын салу жоспарланып отыр. Оның 28 мектеп құрылысын биыл бастап (32 000 орын) жоспар бойынша 2024 жылы пайдалануға береміз деп отырмыз, қалған 35 мектепті (48 700 орын) 2025 жылы аяқтау жоспарланған», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда 30 нысанның актілері дайын болды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы — 8, Талғар ауданы — 2, Іле ауданы — 10 , Қарасай ауданы — 4, Жамбыл ауданы — 5, Қонаев қ. — 1. Және Талғар ауданында 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Жиында құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аят Сәбитұлы «Samruk-kazyna Construction» АҚ-мен бірге 2023 жылы жоспарланған 28 мектептің жобалары жасалып жатқанын сөз етті.
«Осыған дейін ұсынылған 7 жобаның кемшіліктері бар, бұлар әкімдерімен қайтадан пысықталу үстінде. 28 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен 59 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ 63 мектептк салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Оның қорытындысы ақпан айының соңында шығарылады», — деді Аят Сәбитұлы.
Бұдан бөлек, басқарма басшысының орынбасары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін үйлердің қажетті санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев өзінің орынбасары Ләззат Тұрлашовқа, тиісті басқарма басшылары мен аппарат басшысына 28 ақпанға дейін азаматтық-құқықтық мәмілеге қол қоюды тапсырды.