Жыл басынан бері 4 адамды өздері баққан ит жаралаған. Ал өткен жылы ит пен мысықтан 3 542 адам зардап шеккен.
Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша 2 381 жануардың иесі заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14 млн. теңгеден аса айыппұл салынды.
Бұдан былай қабаған емес, 3-еуден көп топтаспаған және ауру емес қаңғыбас жануарлар есепке алынып, бұрынғы мекендеу орындарына жіберіледі. Ауланған жануарлардың деректерін енгізу мақсатында «TANBA» ақпараттық дерекқоры қолданысқа енгізіліп, есепке алу үшін құлақтарына чип-сырға тағылады.
Қонаев қаласы мен 9 ауданда жыл басынан 152 ит пен 2 мысық ауланып оның 5 иті иелеріне қайтарылды. Өткен жылы 16 522 ит пен 117 мысық ауланды. Ауланған қаңғыбас жануарлар аудандық, қалалық Ветеринариялық станцияларының уақытша ұстауға арналған изоляторларында ұсталады.
2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сәйкес, үй жануарларын есепке алу 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Деректер базасына қаңғыбас жануарлардың ауланған күні, ауланған мекенжайы, жынысы, түсі, шама жасы және уақытша ұстау орнында атқарылған ветеринариялық шаралары туралы ақпараттар енгізіледі.
Өткен жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін облыстық бюджеттен 61 млн-нан астам қаражат бөлінсе, биыл 65 млн-ға жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ ит пен мысықты уақытша ұстау орындарындарының құрылысын жүргізуге Қонаев қаласы мен аудандарда 5,3 га жер телімдері бөлінді.