«Сенат депутаттары сайлауына барлығы 106 үміткер ниет білдірді. Оның ішінде 66 кандидат талапқа сай келіп, ресми тіркеуден өтті. Бәсекелестік бойынша, орташа есеппен 1 орынға 3 адам таласады. Кандидаттардың саны жағынан Алматы және Жамбыл облысында басымдық байқалады. Сондай-ақ, Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынғандар. Қалған үміткерлерді жергілікті мәслихат ұсынып отыр», — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.
Кандидат болып тіркелгендердің 43,9 %-ы мемлекеттік қызметшілер. Одан бөлек, қатардағы депутаттар, мемлекеттік мекемелер мен ұйым жұмысшылары, коммерциялық құрылым жұмысшылары бар. Сол сияқты, партиялар және үкіметтік емес ұйым өкілдері де тіркелгендер қатарында.
Сондай-ақ, ОСК төрағасы сайлауалды үгіт-насихат жұмысының басталғанын айтты.
«2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18:00-ден бастап ресми тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кірісуіне рұқсат», — дейді ол.
Үгіт-насихат 13 қаңтарға дейін жалғасады.
Айта кетейік, кеше ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды.
ОСК ұсынған мәліметке сәйкес ел бойынша барлығы 66 кандидат тіркелді. Олардың орташа жасы – 51,8. Сенат депутаттығына үміткерлердің 69,7% — ер, 30,3% — әйел.
Өңірлер бойынша кандидаттар саны:
Астана қаласы – 3 кандидат
Алматы қаласы – 5 кандидат
Шымкент қаласы – 3 кандидат
Абай облысы – 4 кандидат
Ақмола облысы – 3 кандидат
Ақтөбе облысы – 3 кандидат
Алматы облысы – 3 кандидат
Атырау облысы – 5 кандидат
БҚО – 3 кандидат
Жамбыл облысы – 5 кандидат
Жетісу облысы – 3 кандидат
Қарағанды облысы – 3 кандидат
Қостанай облысы – 3 кандидат
Қызылорда облысы – 3 кандидат
Маңғыстау облысы – 3 кандидат
Павлодар облысы – 3 кандидат
СҚО – 3 кандидат
Түркістан облысы – 4 кандидат
Ұлытау облысы – 3 кандидат
ШҚО – 3 кандидат.