«Біздің облыс аумағында орналасқан ауылдардағы шаруаларға ортақ жайылым жер беру, несиелендіру бағыттары жолға қойылмаған. Жер алайық десек ақша жоқ, ақша сұрайық десек жайылым жер тапшылығы алға шығады. Сондай-ақ қой жүнін, терісін өңдейтін өндіріс ошағы салынса деген сұранысымыз бар», — деді «Жорахан» шаруа қожалығының төрағасы Табиден Найманханов.
Облыс әкімінің айтуынша, малды асылдандыру бағдарламасына 4 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қолға алып отырған бірінші жобасы – өңірдегі малды асылдандыру бағдарламасы. Бұл жоба капиталдандыру негізінде жүзеге асады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар шаруалар жүн-тері өңдеу мәселесін де айтты.
«Келесі жылы жүн, тері өңдейтін зауыт салу үшін инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Болмаса, бұл мәселені ӘКК арқылы бір жағына шығарамыз», — деді өңір басшысы.
Биыл қыркүйекте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылды. Қазіргі таңда бұл мекеме агробанктің функциясын атқарып жатыр.
Естеріңізде болса, 8 желтоқсан күні шаруалар 2,5% несиемен асыл тұқымды мал ала алатынын жазғанбыз.





