Аталған фабриканың құрылтайшысы — «Aitas kz» Акционерлік қоғамы. Жобаға 24 млрд теңге жұмсалды. Қуаттылығы жылына 80 миллион дана жұмыртқа шығаруға жеткілікті. Бұл жерде 470 адам жұмыс істейді.
«Бүгін біз үлкен жобаның ашылуына қатысып отырмыз. Алматы облысында жұмыртқа және құс етін өндіру саласы жақсы дамыған. Республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатырмыз. Жобаның жалғасуымен 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Тәуелсіздік күніне орай мұндай зауыттың ашылғаны қуантады», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде.
Ал «Aitas kz» Акционерлік қоғамының негізін қалаушы Серік Толықбаевтың айтуынша, бұл Қазақстанда теңдесі жоқ репродуктивті орталық.
«Біздің келесі жоспарымыз — ендігі жылдан бастап Алматы облысында асыл тұқымды құс өндіретін фабрика салу жұмысына кірісу. Бұған дейін мұндай зауытты Ақмола облысында ашқанбыз. Аталған жобаға Алматы облысы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Жобаның инвестиция көлемі — 300 млн АҚШ доллары», — деді шарада сөз алған Серік Толықбаев.