«АrtSport бағдарламасын жүзеге асыру барысын тексеру кезінде 6 мыңға жуық баланы жалған тіркегені анықталды. Салдарынан 1,1 млрд теңге бюджет қаржысы жымқырылған», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сүйенсек, кей өңірлерде (Алматы, БҚО, ШҚО, Маңғыстау облысы) балалармен білім-білігі жоқ, шығармашылық пен спортқа мүлдем қатыссыз, тіпті бұрын жезөкшелік және балалармен жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін сотталғандар жұмыс істеген. Ал басқа облыстарда үйірме және секция залдары санитарлық талаптарға сәйкес келмеген.
Сондай-ақ ресми ақпаратта мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жариялау ережесі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілмегені айтылған.
Тапсырыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір де бір қорытынды алынбаған.
«Прокурорлардың алаяқтық, ұрлық, пара беру және пара алуды анықтаған фактілері бойынша (18 іс) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы басталды. 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сол сияқты 94 бизнес субъектісінің құқығы қорғалып, 50 жалдау шарты бұзылды», — дейді ведомстводан.
Жоғарыдағы жайтқа байланысты Бас прокуратура АrtSport бағдарламасы шарттарына өзгеріс енгізілгенін хабарлайды.
Яғни ваучер саны біреуге дейін қысқарды (бұрын 2 балаға дейін жазылу мүмкін еді), сонымен қатар санитарлық талаптар күшейтіліп, ең төменгі жас шегі өзгертілді (бұрын еркін күреске қабылдау 5 жастан басталса, қазір 10 жастан).
Бұған дейін Алматы облысындағы Антикор басшылығының сөзіне сүйене отырып, Artsport бағдарламасы — сыбайлас жемқорлыққа бейім саланың бірі екенін жазғанбыз.
«Аrtsport» бағдарламасы — сыбайлас жемқорлыққа бейім саланың бірі





