Алматы облысында шарап зауыты Шалқар ауылының шетін өндірістік қалдықтарын құятын алаңға айналдырған. Айналаға жайылған сасық судың кесірінен елді мекенге кейіннен қосылған тұрғындар жер учаскелеріне үй сала алмай сергелдеңге түскен.
Оған қоса, кәсіпорынның қалдығынан шыққан жағымсыз иіс бүтін бір ауылға тарап, бұқара есік-терезелерін қымтап отыруға мәжбүр. Білгенін істеп жүрген өндіріс басшыларының әрекетін құзырлы мекемелер жұрт шу шығарғаннан кейін ғана тексере бастаған.
«Бізге мүмкін емес демала алмаймыз. Совсем кешкі таман уже қатты страдать етемін, бронхыларымнан. Мен өзім чувствовать етемін, ал балалар невозможно, далаға шығарта алмаймын. Жібере алмаймын. Өйткені, сұмдық қолқамызды алып қалады да, үйге тығылып кіреміз», — дейді Шалқар ауылының тұрғыны Орынгүл Әубәкірова.
Шағыммен жергілікті тұрғындар әкімдікке жүгінген. Шарап зауытының төңірегіндегі даулы мәселені қазір экология департаменті мен жер инспекциясы зерттеп жатыр.
«Туындаған мәселені шешкіміз келеді. Болашақта бұл жерде үйлер салынады. Зауыт суды ағызатын болса, жер актісі болуы керек. Қазір барлық ақпаратты анықтаймыз», — деді Жандосов ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләйлә Әбіләкірова.
Зауыт қожайындары әзірге жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.