1998 жылы қайта құру кезінде Ақбастау ауылының 900 гектар жайылым жері болған. Ауылда 4 кооператив құрылып, жайылым жерді ауыл тұрғындары бөле-жармай, тып-тыныш пайдаланып келген. 22 жыл бойы жіп-шырғасы шықпаған 600 гектар жайылым жік-жікке бөлініп, сатылып кеткенін ақбастаулықтар тек 1,5 жыл бұрын ғана білген. Содан бері тұрғындардың қақпаған есігі қалмаған.
«110 адам арнайы хат жазып, аудан әкіміне барып, жайылым жерді сұрадық. Ол бізді облыс әкіміне жұмсайды. Әр әкімдіктің есігін қағып жүргенімізге 1,5 жыл болды. Құжаттарымыздың бәрі заңды. Еңбекшіқазақ ауданында 1,5 жылда 4 әкім ауысты. 4 әкімге сабылып 4 рет бардық. Басымызды иіп тұрып өтіндік. «Болды шешеміз. Мен бергем жоқ жерді, облыс әкімдігі бөліп тастаған. Мәселені шешеміз» деп құрғақ уәдемен шығарып салады», — дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Валерий Дунаев.
Ақбастауға тиесілі жайылым жердің талан-таражға түсіп кеткенін жергілікті тұрғындар білмеген. Тек иелері келіп, шақырымға созылған жерді қоршай бастағанда ғана ақбастаулықтардың балтасы тасқа тиеді.
«Бұл жерді кім бөлді, ол жерде не тұрғызылады, қандай заңға сүйеніп бөлді, еш нәрседен хабарымыз жоқ. Тура ауылдың маңындағы жер учаскелерін бөліп берген. Ал бізге тиесілі азын-аулақ жер сатылған жерлердің ар жағында тұр. Малымызды жаятын жер тарылып қалғанымен қоймай, біз сол жерге жете алмай әбден шаршадық», — дейді ақбастаулықтар.
Еңбекшіқазақтың кейінгі әкімі жер бөлімі мамандарын жинап, осы мәселе бойынша 4 рет жиналыс ашқан. Бірақ нәтиже жоқ.
«Жер туралы заң бар. Заңды белден басып, ақбастаулықтардың құқығын таптап отыр. Бізбен ақылдасқан жоқ, ең болмаса ақпарат та берген жоқ. Әкімдіктер бір-біріне сілтеп отыр. «Жерді алдын ала рәсімдеп алуларыңыз керек еді» дейді әкімдік. Біздің сыртымыздан жерімізді сатып жатқанын білмесек, ескертпесе, біз қалай рәсімдеуіміз керек?», — дейді Валерий Дунаев.
Аудандық архитектураның жарты жыл бұрынғы құжатында жекеменшікке кеткен жер туралы еш ақпарат жоқ. Ал сатылған жерлерге 1,5 жыл бұрын нысандар тұрғызылып тастаған. Бұл құжат ауыл тұрғындарының қолында жүр. Ал Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің айтар уәжі мынадай:
«Балтабай ауылдық округі әкімінің аппаратына жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаю қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қазіргі күні 845,3 га жайылымдық жер берілген, оның ішінде Ақбастау ауылының тұрғындары үшін 491,8 га жайылым бекітілген. Бұдан басқа, Балтабай ауылдық округі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың мониторинг нәтижесі бойынша жалпы ауданы 244,9 га жайылымдық жер бар. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің электронды базасына сәйкес бұл жер учаскелерінің нысаналы мақсат бойынша пайдаланылмағанын көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-1 бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес жоғарыда аталған субъектілерге қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау саласындағы уәкілетті органға – Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне материалдар жіберілді», — деп мәлімдеді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Ақшабаев.