Өнерлі де дарынды балаларға арналған мектепті ашуға Алматы облыстық мәдениет басқармасы ұйытқы болды.
Атаулы күнге орай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Шараға Алматы мен Қонаев қаласынан, Райымбек ауданынан арнайы қонақтар қатысты.
Мәдениет үйінің кіреберісіне жиналған қонақтар мен аудан жұртшылығы ең алдымен Шарғын Алғазыұлының шығармашылығымен танысып, шағын көрмені тамашалады. Ал өнер мектебінің қызыл лентасын жыршы, сазгер Әбіш Әділбеков, ақынның тікелей ұрпағы Тілеухан Алғазиев және Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов қиды.
Басқосу барысында қонақтар сөз алып, ақ жарма тілектерін айтты.
«Биыл Алматы облысының 6 ауданында өнер мектебі ашылып, өз жұмысын бастады. Бүгін олардың қатарына Қарадала өңіріндегі оқу ордасы қосылды. Ендігі жылы бұл мектептерде 2 жұмыс орны ашылып, қаржыландырылатын болады. Халқымыздың әдебиет және мәдениет саласын дамытар орталықтың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын!», — деді облыстық мәдениет басқармасына қарасты мәдени шаралар, мониторинг және жоспарлау бөлімінің басшысы Айдос Момынқұлов.
Ал Шарғын Алғазыұлының тікелей ұрпағы Тілеухан Алғазиев болса 1992 жылы Заманбек Нұрқаділовтың бастамасымен Шарғын бабамыздың 90 жылдық мерейтойына орай айтыс ұйымдастырылғанын есіне алды.
«Шарғын Алғазыұлы – 1903 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Ұзынтамда дүниеге келген. 1920 — 1921 жылдары ол ақын Маңұтан Додабаевтан дәріс алды. Кейіннен қоғам өміріне белсене араласып, хатшылық қызмет атқарды. Ақын Таңжарық Жолдыұлымен бірлесіп, Құлжада тұңғыш қазақ газеті «Іле газетін» шығаруға атсалысты», — деді Тілеухан Алғазиев.
Ол өнер орталығына Шарғын ақынның «Көш Керуен», «Атамекен» атты жыр-жинақтарын табыс етті.
Салтанатты шараның ресми бөлімінің соңы ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.