Алматы облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жылдан асқан. Бүгінде құрамында 200 мыңнан астам зейнеткер бар. Биыл қатарына ауған соғысына қатысқан қариялар қосылды. Кеңеске Ермек Келімсейіт төрағалық етеді.
«Тұрмыс-әлеуметтік мәселелер туралы заңдылықтардың орындалуын қадағалау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» және т.б бағдарламамыз бар. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді кеңес төрағасы.
Жиында ұйым мүшелері алма кезек сөз алды. Ұлағатты жұмыстарын таныстырды. Қайырымдылық шараларға ұйытқы болып жүргендерін айтты. Әкім тыныс-тірліктеріне жоғары бағасын берді. «Береке қарияның қасында» деп тұжырымдады.
«Қоғамдағы кез келген мәселеден басын алып қашпайтын, ісі мен сөзі үйлесімді, беделді болуы тиіс. Аға буын өкілдері жастар тәрбиесіндегі, ел бірлігін сақтаудағы, ұлттық құндылықтармен қатар жаңа құндылықтарды — бәсекеге қабілеттілік, біліктілік, зерделілікті дәріптеудегі өз рөлін жоғалтып алмауы керек», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар, жиын сонында ардагерлер екі мәрте еңбек ері, қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергеновке ескерткіш орнату туралы ұсынысын айтты. Аумағы белгіленіп, жобасы да дайындалыпты.