Мониторинг барысында тұрғындардың арыз-шағымы тыңдалып, назарға алынды.
«Юбилейныйда жүреді халық. «Айша ситида» 3 жыл отырдық, одан кейін ай сайынғы 40-50 мың теңге аренданы төлей алмай, мен осы стихийный базарға шықтым. «Жетісу» базарында 25 жыл сауда жасадым. Заңдастырылған жеке кәсібім де болды, салық та уақытылы төленді. Кейіннен жалға алған жердің бағасы қымбаттап, бәрі құрдымға кетті. Тіпті, зейнетақы қорына қаржы құя алмай, 20 жыл еңбек өтіліммен 65 мың теңге пенсияға шықтым. Жабайы сауданың арқасында несиемді төлеймін. Айдалада жетіскеннен отырмын ба? Юбилейныйда бір бутикті жалға алу – 200-250 мың теңге көлемінде», — деді гүл сатушы апа.
Саудагердің айтуынша, «Жетісу» базарында 25 жыл балық сатқан. Нәтижесінде жалға алып отырған жердің иесі басқа адамға бизнес орнын сатып жіберген. Жаңа басшы аренда бағасын көтерген соң саудагерлердің құты қашып, «жабайы саудаға» бет бұрған. Базарлардағы орындарды жалға алу құны айына 50-60 мың теңге, ал бутик бағасы 200-250 мың теңге. Мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
Ал «Юбилейка» бойында көрпе-жастық сататын Шолпанның айтқанына сүйенсек, осы уақытқа дейін де сауда мәселесін айтып, БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенімен еш нәтиже болмаған.
«Күйеуімді полиция департаменті өкілдері соққыға жықты. Тіпті, ескерту беріп, айыппұл салмай, бірден қамап тастады. Бәрі де осы ретсіз сауданың айналасында, 2-3 күн бұрын болған оқиға», — деді Шолпан.
Бұған қатысты полиция департаментінің айтар өз уәжі бар.
«29 қазан күні болған оқиғада керісінше Шолпанның күйеуі полиция мамандарына жұдырық ала жүгірді. Аталған оқиғаның видеосы да бар. Осы жердегі саудагерлердің бәрі куә», — деді 3-ші шағын ауданның учаскелік полицейі Хасан Мамыров.
Жүргізілген шара нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің белгiленбеген орындарда сауда жасау бабына сәйкес 12 саудагерге әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 11-не ескерту берілсе, 1 адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Жыл басынан бері 189 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңға бағынбаған адамдар болса, олар ҚР ӘҚБтК-нің ұсақ бұзақылық бабына сай заң алдында жауап береді», — деді Хасан Мамыров.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ғабит Есімбектің айтуынша, мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады. Қалада «жабайы сауданы» жүргізу тек «Айша сити» базарында ғана рұқсат етілген.
Естеріңізде болса, биыл 23 қыркүйек күні «жабайы сауда» мәселесі жайлы ақпар бергенбіз.
Күні кеше әлеуметтік желідегі тұрғынның шағымына сүйене отырып, белгіленбеген жерде сауда жасаған екі азамат ҚР ӘҚБтК-нің 204 және 434 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram