«Қапшағай-Күрті» тас жолы халықаралық маңызы бар «Астана-Алматы» күре жолының бір бөлігі. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жол құрылысының ұзаққа созылуына қаржы жетіспеушілігі себеп болып отыр.
Мәселе Антикор мамандарының ұйымдастыруымен жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Сонымен қатар мониторингтік топтың құрамында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері болды. Олар «Қапшағай-Күрті» тас жолының құрылыс аумағына барып, мән-жаймен танысты. Құзіретті органдардың ауқымды талдау жүргізуіне халықтың толассыз шағымы негіз болған.
Тұрғындардың айтуынша, жол құрылысы ұзаққа созылған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары жол қозғалысына кедергі келтіріп отыр.
«2017-2019 жылдар аралығында «Қапшағай- Күрті» тас жолына күрделі жөндеу жүргізу жобасы әзірленді. Жоба 2015-2017 жылдардағы нарық бағасына сай есептеліп жасалды. Тапсырыс беруші: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы. Ал қаржы Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) тарапынан қарастырылды. Жоба жоспарына сай, күрделі жөндеу жұмыстарына 33 млрд теңге толығымен жетуі керек болған», — дейді «Атырауинжстрой» (АИС) мердігер компаниясының директоры Рустам Төлегенов.
Компания басшысының ақпаратына сүйенсек, құрылыс 2020 жылдың 19 қазанында басталды. Соңғы 2 жылда теңгенің инфляцияға ұшырауына байланысты құрылыс материалдары қымбаттады. Нәтижесінде ЕДБ-ның берген қарыз ақшасы жеткіліксіз болып қалған. Биыл тағы да банк көмегіне жүгіну үшін жолдың 40 пайызы толық жөнделіп бітуі керек.
«Біздің есеп бойынша құрылысқа қосымша 22 млрд теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда банк бөлген қаражаттың 6,8 млрд теңгесі игерілді. Сондай-ақ 67 шақырымға созылған 4 жолақты жолдың 22,8 пайызы толық жөнделіп бітті», — деді Рустам Төлегенов.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бекинов болса мердігер компанияның жұмысы баяу жүріп жатқанын айтып, алдын ала сараптау кезеңінде форс-мажорлық жағдайлардың есепке алынбай қалғанын сөз етті.
«Құрылыс 2020 жылдың қазан айында басталса, бұл кезде коронавирус індетінің өршіп, экономиканың аумалы-төкпелі шағы болғаны белгілі. Осындай мерзімге сәйкес келе отырып, бар мәселе егжей-тегжейлі зерттелмей, екіжақты келісімге қол қойылды. Биылдың өзінде геосаяси жағдай әлі ушығып тұр және жылдың басында қаңтар оқиғасы болды. Қазір банк қосымша қаржыны берген күннің өзінде құрылыс уақытылы аяқталмайды. Егер жұмыс дәл осы қалыппен жүргізіле берсе, жол 2024 жылы ғана пайдалануға беріледі, тіпті, одан көп мерзімге созылуы мүмкін», — деді Нұрсұлтан Бекинов.
Оның айтуынша, жол сапасына қойылатын мін жоқ. Десе де, антикоррупциялық агенттік «ҚазАвтоЖол» және «АИС» компанияларының ортақ жобасына толық талдау жүргізеді. Яғни, құрылыс кестесі, орындалған жұмыс актілері, келісім-шарт – барлығы қаралады. АнтиКордың зерттеу нәтижесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Қапшағай-Күрті» тас жолының құрылысына үнемі мониторинг жүргізіліп отырады.
Бұған дейін (13 сәуір 2022 ж.) kolesa.kz порталында Қарағанды мен Қапшағай арасындағы жолға биыл толық асфальт төселетіні туралы ақпарат жазылған.