Айкөзов Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) күдікті деп танылған. Ол әйелі Әйгерімнің «денсаулығына қатігездікпен қасақана ауыр зиян келтірді» деп айыпталған.
Прокурор Айкөзов ішімдік ішіп келіп, балаларының көзінше әйелінің сау тамтығын қалдырмай аяусыз ұрып-соғып, теуіп өлтіргенін айтады. Айкөзов прокурордың таққан айыбын ішінара мойындайды.
Айбек Айкөзов сотта көп сөйлеуге құлық танытпады. Оқиғаның қалай болғанын қысқа қайырды. Судья арасында нақтылау сұрақтарын қойып отырды.
Айкөзовтың сөзінше, оқиға 11 маусым таң ата орын алған. Астанадан жұмыс істеп кешқұрым қайтқан ол жол-жөнекей жолдастарын көріп, дәмханада ішімдік ішеді. Үйіне оралғанда балалары ұйықтап жатады. Әйелімен бірге шәй ішіп отырғанда жанжал шыққан.
«Жанжал үйдің түкпір бөлмесінде жалғасты. «Қашанғы тапқаныңа ішімдік ішесің? Бірден неге бала-шағаңа келмейсің?» деді. Ашумен әуелі шекесінен жұдырықпен бір рет ұрдым. Артынан жағынан екі рет ұрғанымда батарейкаға басымен құлап, есінен танып қалды», – деді Айкөзов сотта.
Есінен танып қалған Айгерімді туыстарының шақыруымен жедел жәрдем қызметі алып кеткен. Одан кейін Айкөзов жатып ұйықтаған.
«Әйелім есін жинай алмаған соң балаларды оятып, інімнің үйіне жібердім. Інім келіп жедел-жәрдем шақырды. Есімді толық білмеймін. Ұйықтап жатсам полицейлер оятты да, жұлқылап алып кетті. Содан бері қамаудамын», – дейді Айкөзов.
Әйгерім Айкөзованы жедел жәрдем қызметі Асықата орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізген. Ауыр соққыдан «бас ми жарақатын» алған ол бір апта есін жинамаған күйі қайтыс болды.
Айбек Айкөзов бұрын сотты болған. Соңғы кезде жалдамалы жұмыс істеген. Әйгеріммен 10 жылдан аса бірге тұрған отбасының ортада төрт баласы бар. Тұңғышы – 8 жаста, кенжесі сегіз айлық бала. Балалары қазір ата-әжесінің қолында.
Інісі Нұрбек Әйгерімнің «мінезі қойдан жуас, күйеуінің бетіне қарап сөйлей алмайтын» еді дейді. Отбасын сақтап қалу үшін, балалары жетім қалмауы үшін күйеуі екеуінің арасындағы жанжалды жасырып келгенін айтады.
«Олар Жетісай ауданындағы Үтір төбе ауылында тұрды. Біз Атакент ауылындамыз. Арамыз алшақ. Әпкем отбасындағы ұрыс-керісті айтпайтын. Қайтыс болған кезде күйеуі ұрып келгенін, бір рет қатты соққыдан жағы сынып кеткенін естідік. Кешірім бермейміз. Қылмысына жауап беруі керек. Соттан қатаң жаза сұраймын», – деді Нұрбек Айтмағамбетов.
Нұрбек Айтмағамбетов «жұдырықпен ұрғанға адам өлмейді» деп есептейді. Оның айтуынша, бас-ми жарақатынан қайтыс болғаны айтылғанымен, сот-медициналық сараптама қорытындысында Әйгерімнің қосымша бірнеше ауыр дене жарақатын алғаны көрсетілген. Ол жарақатты жұдырықпен алуы мүмкін емес. Ол күдікті «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) емес, «Адам өлтіру» бабымен (99-бап) істі болуы керек деп санайды.
Прокурор да сотта марқұмның денесіндегі жарақат «доғал заттың әсерінен» түскенін атап өтті. Дегенмен Айкөзов әйелін тек жұдырықпен ұрғанын айтудан танбады.
«Ішімдік ішіп, есімді толық білмей ұрғаным рас. Істеген ісіме өкінемін. Әйелімнің ата-анасынан, туыстарынан, әке-шешемнен кешірім сұраймын. Кешіріңіздер!», – деді Айкөзов сот отырысында.
Бұдан бұрын Түркістан облысы Ордабасы ауданында ер адам балаларының көзінше әйелін ұрып өлтірген. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырған.