Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен оқу жылында өңірде оқушыларды медициналық тексеру нәтижесінде 40,2% көру органдарының патологиясы, сондай-ақ сколиоз (14,9%) және жүйке жүйесінің патологиясы (12,8%) анықталды.
«Көру органдарының аурушаңдығы бойынша негізгі жүктеме орта оқу буынына — 52,9%, яғни 5-9-сыныптарға, 27,4% — жоғары сыныптарға және 19,6% — бастауыш сыныптарға келеді. Қазіргі заманауи технологиялық және прогрессивті заманда балалар ұялы телефонмен, компьютермен ерте таныса бастайды. Кішкентай кезінен бастап гаджеттерді пайдалану баланың көру қабілетіне теріс әсер етеді», — дейді департамент өкілдері.
Мамандардың айтуынша, үй жағдайында үнемі тестілеу жүргізу маңызды. Ол үшін баланың бір көзін қалың қағаз немесе картон парағымен жауып, сурет салуды, суретті бояуды немесе мозайканы жинау ұсынылады. Содан кейін басқа көзді жабу арқылы бұл әрекетті қайталау керек. Қалыпты көру қабілеті бар бала барлық тапсырмаларды оңай орындайды.
Көру органдары аурушаңдығының өзіндік белгілері бар:
- бала алыстағы заттарға көзін қысыңқырап қарайды;
- оқыған немесе сурет салған кезде үстелдің үстіне еңкейіп отырады;
- теледидарға жақын отыруға тырысады;
- көзі жиі жасаурайды.