Биыл ауданда жалпы құны 26,9 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылды. Масақ ауылында 8 млрд теңгеге «QazEcoDan» заманауи астық кешені ашылды. Ал Тескенсу ауылында жылына 70 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс өңдеуге қауқарлы «Qazaq Global Food» зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 9,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 56 жұмыс орны құрылды.
Жыл соңына дейін Балтабай ауылында тағы үш инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оларға 12 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Еңбекшіқазақ ауданының үлесіне облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 22 пайызы тиесілі. Биыл саладағы өндіріс көлемі 2,5 пайызға өскен.
2027 жылдың қаңтарында Сөгеті, Масақ, Малыбай, Бартоғай, Шелек және Асы ауылдық округтерінде суару каналдарын салуға конкурс өткізіледі. Жобаның бірінші кезеңінің құны шамамен 49 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 24 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.
Сонымен қатар ауданда жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын «Шелек» индустриялық аймағы салынып жатыр. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін халықаралық компаниялар мен инвесторларды тарту көзделген.
Бәйсейіт ауылында жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін заңды түрде сатуына мүмкіндік беретін «Керуен кешені» салынып жатыр. Нысанды 2027 жылдың ақпанында ашу жоспарланған.
Асы обсерваториясына дейін 16 шақырым жол салынады
Ауданда туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқын алған. Биыл «Туранга групп» серіктестігі Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында құны 1,2 млрд теңгені құрайтын экотуризм жобасын іске қосып, 80 жұмыс орнын ашты.
Жаңашар және Бәйтерек ауылдарында жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын екі демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Нысандар 2027 жылы пайдалануға беріледі.
Биылғы тоғыз айда Түрген шатқалына 137 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Олардың 40 мыңға жуығы – шетелдік туристер.
Сондай-ақ Асы обсерваториясына дейін 16 шақырым жол салу және электр желісін тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Аталған аумақты ұялы байланыспен қамтамасыз ету де қарастырылған.
Алдағы екі жылда 32 ауыл газға қосылады
Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы 16 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етілген. Алдағы екі жылда тағы 32 ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде көгілдір отынға қосылған елді мекендердің саны 48-ге жетіп, аудан ауылдарының 60 пайызын қамтиды.
2027 жылы «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға 12 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, ауданның 21 елді мекенін газдандыруға 19,9 млрд теңге бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл ауыз су желілерін салу және жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлініп, 240 шақырым желіні қамтитын жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ 5,7 млрд теңгеге 146 шақырым автомобиль жолы жөнделді.
Үш жаңа мектеп ашылды
Биыл ауданда жалпы сыйымдылығы 1 950 орынды құрайтын үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сатай ауылында 900 орындық, Ащысайда 600 орындық, Төле би ауылында 450 орындық мектеп ашылды. Тағы үш білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтті.
2023 жылы ауданда үш ауысымда білім беретін үш мектеп болса, қазір олардың саны бірге дейін азайған.
Тескенсу ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Ал жаңа спорт кешені келесі жылы пайдалануға беріледі.
Саймасай ауылында өрт сөндіру, полиция және жедел медициналық жәрдем қызметтерін біріктіретін әмбебап бекет салынып жатыр.
Үш қоқыс полигоны салынып, бес карьердің жұмысы тоқтатылды
Бүгінде ауданда белгіленген талаптарға сай келетін бірде-бір рұқсат етілген қоқыс полигоны жоқ. Осыған байланысты Шелек, Балтабай ауылдары мен Есік қаласында үш полигон салу жоспарланған. Олардың жанынан қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар ашу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар ауданның 20 ауылында тұрмыстық қалдықтарды нығыздайтын арнайы нысандар ашылады.
Заңсыз жер қойнауын пайдалану мәселесіне қатысты да бірқатар шара қабылданған. 9 қарашадан бастап ауданда бес карьердің жұмысы тоқтатылды. Заңсыз өндірістің алдын алу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, тәулік бойы бақылау жүргізілуде.
Бәйтерек және Ават ауылдық округтерінде «Сергек» жүйесінің бес камерасы орнатылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде төрт экскаватор мен екі жүк көлігі ұсталып, мың тоннадан астам пайдалы қазбаның заңсыз өндірілуіне жол берілмеген.
Кездесу барысында тұрғындар мектептерді күрделі жөндеу, медициналық және спорт нысандарын салу, саяжайлардың жер құжаттарын рәсімдеу, газ бен электр энергиясының тарифтері, жол және кәріз жүйелерін жаңарту мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.





