Нысандардың ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Халық кеңесінің мүшелері, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қонаев қаласындағы №1 өрт сөндіру депосы 1969 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Биыл нысан республикалық бюджет есебінен толық жаңғыртылып, заманауи техникамен жабдықталды. Атап айтқанда, бөлімшеге алты өрт сөндіру автокөлігі, 15 тонналық су тасығыш, арнайы автосаты және қосалқы көліктер берілді.
Қазіргі уақытта бөлімшеде 30 маман жұмыс істейді. Олардың сегізі тәулік бойы кезекшілік атқарады. Өрт сөндіру бөлімі Қонаев қаласы мен Шеңгелді ауылдық округінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жаңартылған депо құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсартып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыратынын атап өтті.
«Жылдар бойы халық игілігіне қызмет етіп келген ескі депоның жаңа кейіпке енуі – қызметкерлер мен тұрғындардың көптен күткен ортақ қуанышы. Бүгінде бөлімнің жабдықталуы кез келген жағдайға сақадай сай. Жобаны сапалы жүзеге асырған Төтенше жағдайлар министрлігіне, мердігер ұйымдарға және сала мамандарына алғыс айтамын», – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымын жаңғырту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Салтанатты шара барысында қызметтік міндетін адал атқарған құтқарушылар ведомстволық төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапатталды.
Өңірдегі тағы бір маңызды нысан Іле ауданының Н. Тілендиев ауылында ашылды. «Ауыл қорғаны» деп аталатын көпфункционалды кешеннің ерекшелігі – өрт сөндіру, полиция және жедел жәрдем қызметтерінің бір ғимаратта орналасуы. Жеке меценаттың демеушілігімен салынған нысан мемлекетке сыйға берілді. Жаңа бекет Қараой ауылдық округіндегі үш елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Кешенде арнайы техниканы орналастыруға арналған орындар, диспетчерлік қызмет, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер және қажетті инженерлік жүйелер қарастырылған. Бұл төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға көрсетілетін көмектің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғыны Жеңіс Тұрлиевтің айтуынша, бұған дейін жергілікті халық шұғыл жағдайларда аудан орталығынан көмек күтуге мәжбүр болған.
«Бұл ауылда 2013 жылдан бері тұрамын. Бұрын мұндай мекеме болған емес. Төтенше жағдай кезінде аудан орталығынан көмек күтетінбіз. Кейде ол ұзаққа созылатын. Сондықтан жаңа кешеннің ашылғанына қуаныштымыз. Нысан халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді тұрғын.
Алдағы уақытта «Ауыл қорғаны» үлгісіндегі бекеттерді Алматы облысының басқа ауылдарында да ашу жоспарланып отыр. Жаңа нысандардың іске қосылуы өңірдегі қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтып, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға жедел әрі сапалы көмек көрсетуге жағдай жасайды.





