Мерекелік іс-шаралар легі 23 қазанда қалалық Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынмен басталмақ. Кеш барысында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов шаһардың қоғамдық өміріне белсенді араласып, түрлі салада еңбегімен көзге түскен азаматтарды марапаттайды. Салтанатты рәсімнен кейін көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылады.
24 қазанда мерекелік шаралар қаланың бірнеше аумағында жалғасады. Таңертең «Айша сити» базарында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл күні тұрғындар жәрмеңкеге барып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып ала алады.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында сенбілік ұйымдастыру жоспарланған. Шара барысында қала аумағын тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Мерекелік бағдарлама қала орталығымен ғана шектелмейді. 24 қазан күні сағат 16:00-де Шеңгелді ауылында «Respublika Live» атты ашық аспан астындағы концерт өтеді. Осылайша, ұлттық мерекеге арналған мәдени іс-шаралар ауыл тұрғындарын да қамтымақ.
Ал 25 қазанда, Мерекелік күннің басты сәті – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі. Ол облыстың барлық аудан-қалаларында бір мезетте өтеді.





