Экологиялық іс-шара 21 қазанда Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – шөл және шөлейт аймақтардағы өсімдіктер дүниесін сақтау, орман алқаптарын ұлғайту және тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне жұмылдыру. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Б. Бақытұлы, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары А. Кәдір және облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ. Нүсіпбаев қатысты.
Табиғатты қорғау бастамасына Бақанас аграрлы-индустриалды колледжінің студенттері, «Жас орманшылар» қозғалысының мүшелері, мектеп оқушылары, ауылдық округ өкілдері мен орман шаруашылығы қызметкерлері белсенді атсалысты.
Экологиялық акция барысында 100 қатысушының күшімен 300 келі қара сексеуіл тұқымы жиналды. Бұл бастама Мемлекет басшысының ел аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыру және орман қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі саналады. Биыл Алматы облысында 2 мың гектар жерге 10 тонна қара сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Қазіргі уақытта тұқым себуге арналған аумақ толық дайындалған. Жоспарланған жұмыстар өңірдің табиғи экожүйесін сақтауға, шөлейттену үдерісін тежеуге және орман алқаптарын көбейтуге бағытталған.
Қара сексеуіл – Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында өсетін, табиғи ортаға бейімделген ағаш түрлерінің бірі. Оның басты ерекшелігі – қуаңшылыққа төзімділігі және құмды топырақты бекіту қабілеті. Тамыр жүйесі арқылы сексеуіл құмның желмен көшуін бәсеңдетіп, топырақтың тозуына қарсы табиғи қорғаныш қызметін атқарады. Сонымен қатар сексеуіл алқаптары шөлді аймақтардағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және жануарлар дүниесінің тіршілік ету ортасын қорғауға ықпал етеді. Сондықтан сексеуіл тұқымын жинау және оны арнайы дайындалған аумақтарға себу – өңірдегі орман қорын қалпына келтірудің маңызды бағыттарының бірі.
Бақанас ауылында өткен шараның тағы бір ерекшелігі – оған мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің көптеп қатысуы. Жастар орман шаруашылығы мамандарымен бірге сексеуіл тұқымын жинап, табиғатты қорғау жұмыстарына тәжірибе жүзінде атсалысты. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға және қоршаған ортаны қорғау бастамаларына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.





