Маманның айтуынша, өңір тұрғындарының бірі трансформер үстелге тапсырыс беріп, оның толық құнын – 580 мың теңгені алдын ала төлеген. Алайда кәсіпкер келісілген мерзімде тапсырысты орындамаған. Тұтынушы бірнеше уақыт күткенімен, жиһазын да, төлеген ақшасын да қайтара алмаған. Мәселені өз бетінше шеше алмаған азамат Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге мәжбүр болған.
Д. Сенбаева департамент мамандары тұрғынға заңнамада қарастырылған құқықтарын түсіндіріп, дауды сотқа дейін реттеу жолдарын көрсеткенін айтады.
Осыдан кейін тұтынушы кәсіпкерге ресми наразылық хатын жолдап, ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда кәсіпкер белгіленген мерзімде оның талабын орындамаған.
«Тұтынушының өтініші негізінде департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтың заңды талаптары қанағаттандырылып, 580 мың теңге толық көлемде қайтарылды», – деп түсіндірді департаменттің бас маманы Д. Сенбаева.
Осылайша, уәкілетті органның араласуымен тұрғынның бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Д. Сенбаева азаматтардың тауар сатып алу немесе қызметке тапсырыс беру кезінде өз құқықтарын білуі маңызды екенін атап өтті.
Егер сатушы келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамаса, тапсырыс берілген тауарды уақытында жеткізбесе немесе төленген қаражатты қайтарудан бас тартса, тұтынушы заң аясында өз мүддесін қорғауға құқылы.
Мұндай жағдайда алдымен кәсіпкерге ресми наразылық жолдап, мәселені сотқа дейін реттеуге әрекет жасау қажет. Егер талап орындалмаса, тиісті аумақтық департаментке жүгінуге болады.
Маманның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу.
Алматы облысында тіркелген бұл жағдай тұтынушының өз құқығын заңды жолмен қорғауы нәтижесінде төленген қаражатты қайтаруға болатынын көрсетті.





