Экологиялық акцияны Алматы облысының әкімдігі «EcoJurekAlmaty» экологиялық қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Бастаманың негізгі мақсаты – Іле өзенінің жағалауындағы тұрмыстық қалдықтарды тазарту, табиғи аумақтардың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Сенбілік барысында қатысушылар өзен жағалауында жиналып қалған қоқыстарды жинап, аумақты тазарту жұмыстарын жүргізді. Қонаев қаласының әкімдігі шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп, қажетті құрал-саймандар мен арнайы техниканы бөлді.
Ал «EcoJurekAlmaty» экологиялық қауымдастығының өкілдері жиналған қалдықтарды арнайы қаптарға сұрыптап, тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне атсалысты.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Іле өзенінің жағалауынан 1 мың қап қоқыс жиналды. Бұл көрсеткіш табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартудың өзектілігін көрсетеді.
Іле өзені – Алматы облысының маңызды табиғи су көздерінің бірі. Оның экологиялық жағдайын сақтау өңірдің табиғи байлығын қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және тұрғындар үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Әсіресе өзен жағалауындағы демалыс орындарының тазалығын сақтау өзекті. Табиғат аясында демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтар қоршаған ортаның ластануына әкеліп, су экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, мұндай экологиялық акциялар тек аумақты қоқыстан тазартумен шектелмей, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге және экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілік мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау жолындағы бірлескен жұмысының нақты нәтижесін көрсетті.





