Эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында облыс бойынша 305 егу кабинеті ұйымдастырылып, инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдау үшін 301 төсек-орын дайындалды. Бұл шаралар маусымдық аурулардың өршуі кезінде медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайтуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл өңірде тұмауға қарсы иммундау жұмыстарын жүргізу үшін 160 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Вакцинациялау кезінде ең алдымен инфекция жұқтыру және аурудың асқыну қаупі жоғары азаматтарға басымдық беріледі.
Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы екпе алу – аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі. Сондықтан тұрғындар арасында вакцинацияның маңыздылығын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар облыста медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу, ауру белгілерін дер кезінде анықтау және науқастарға медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.
Дәрігерлер күзгі-қысқы кезеңде тұрғындарды денсаулығына мұқият қарауға шақырады. Әсіресе, жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, үй-жайларды тұрақты желдету және адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану маңызды.
Ал дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы немесе басқа да респираторлық инфекция белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге қаралу ұсынылады.
Мамандар тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шараларын сақтау аурудың таралу қаупін төмендетіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтеді.





