7 қыркүйек пен 9 қазан аралығында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және ұйымдастыруымен тәжірибелі мамандардан құралған мобильді медициналық топтар аудандық ауруханаларға барып, тұрғындарға консультативтік-диагностикалық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.
Бұл жолы мобильді медициналық топтардың жұмысы облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын қамтуға бағытталады. Сонымен қатар жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да бейінді мамандардың қабылдауына жазылып, кеңес ала алады.
Мобильді топтардың құрамында онколог, акушер-гинеколог, инфекционист, кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, балалар инфекционисі, педиатр, ревматолог, гастроэнтеролог, неонатолог, психиатр және кардиохирург мамандары болады.
Мамандар пациенттерді қабылдап, денсаулық жағдайын бағалайды және қажетті медициналық кеңестер береді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда науқастарға хирургиялық ем, соның ішінде тиісті операциялар жасалады.
Мобильді медициналық топтардың аудандық деңгейге шығуы мамандандырылған медициналық көмекті тұрғындарға жақындатуға және бейінді мамандардың қабылдауына келу үшін облыс орталығына бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, мобильді медициналық топтардың жұмысы сапалы әрі білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі.
«Мобильді медициналық топтардың жұмысы – сапалы және білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл жолы басымдық облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын қамтуға берілді. Бейінді мамандардың аудандық ауруханаларға баруы азаматтарға қажетті кеңесті дер кезінде алуға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға және әрі қарайғы емдеу тактикасын белгілеуге мүмкіндік береді. Тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда оперативтік ем де жүргізіледі. Бұл – тұрғындарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», – деді Ержан Сүлейменов.
Айта кетейік, Алматы облысында мобильді медициналық топтардың шалғайдағы елді мекендерге барып, тұрғындарға қызмет көрсету тәжірибесі бұған дейін де жүзеге асырылған. Білікті мамандардың аудан тұрғындарымен тікелей жұмыс істеуі ауруларды дер кезінде анықтауға, күрделі клиникалық жағдайларды бағалауға және пациенттерді одан әрі емдеу мен бақылау тактикасын айқындауға мүмкіндік береді.





