Қазіргі уақытта ауданда жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамту көзделген.
Ірі жобалардың бірі «Алматы – Кеген» тасжолының бойында салынып жатқан заманауи жол бойы кешені. Құны 2,8 млрд теңге болатын нысанда қонақүй, тамақтану орны, дүкен, жанар-жағармай құю және электр көліктерін қуаттау станциялары қарастырылған. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Кешенді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Толық іске қосылғанда мұнда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ жеке инвестор «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне келушілер үшін автотұрақ салып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын тегістеу жұмыстары аяқталған.
Ауданда энергетика саласындағы жобаларға да басымдық берілуде. Бірнеше шағын су электр станциясының құрылысы басталып, инженерлер бөгет салынатын аумақты дайындауға кіріскен. Бұл бағыттағы инвестициялық жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық берілмек
Кеген ауданы экономикасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Осыған байланысты өндірілген өнімді қайта өңдеп, дайын тауар шығаруға бағытталған жобалар қолға алынған.
Кеген ауылында жылына 2 мың тоннаға дейін биязы жүнді терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Сонымен қатар тәулігіне 30 тонна сүт өңдеуге қауқарлы кәсіпорынның құрылысы жүргізілуде.
Биыл ветеринария саласын дамытуға облыстық бюджеттен 213,6 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Жалаулы және Саты ауылдарында мал қорымдары, ал Шырғанақ, Бөлексаз, Жылысай және Тұйық ауылдарында модульдік ветеринариялық пункттер салынады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында биыл 2 046 гектар жер конкурс арқылы 92 азаматқа берілген.
Соңғы төрт жылда облыста суару желілерін жаңғыртуға 16,3 млрд теңге бөлінсе, оның 5,2 млрд теңгесі Кеген ауданына бағытталған. Жобалар нәтижесінде ауданда 8,9 мың гектар суармалы жерді экономикалық айналымға енгізу көзделіп отыр.
Қара шатқалда туристік аймақ дамып келеді
Кеген ауданының экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі – туризм. Қара шатқалда жаңа туристік аймақ құру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бүгінге дейін жобаға 200 млн теңге инвестиция салынып, тамақтану орны, фотоалаң, әткеншек және шатқалды тамашалауға арналған арнайы орындар ашылған. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды.
Туристік инфрақұрылымды жақсарту аясында биыл Қайыңды көліне апаратын жолдың 10 шақырымына асфальт төселіп, күрделі жөндеу аяқталды. Сонымен бірге «Кеген – Нарынқол», «Көкпек – Кеген – Түп» және «Жалағаш – Саты – Көлсай көлі» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ауылдарда инфрақұрылым жаңартылуда
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында Ереуіл ауылындағы ауызсу жүйесін жөндеу аяқталды. Тұйық, Қарабұлақ, А. Нүсіпбеков ауылдарына, сондай-ақ Орта Меркі және Шет Меркі жайлауларына электр желілерін тартуға 300 млн теңге қарастырылған. Қазір электр бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалмаған. Қарқара орта мектебіндегі күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Ал Алғабас ауылында «Ұлағатты ұрпақ» қорының қолдауымен 50 балаға арналған бастауыш мектептің іргетасы қаланды.
«Денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қарабұлақ, Жылысай, Жаңаталап, Талды, Жайдақбұлақ және Күрметі елді мекендеріндегі медициналық нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Өнеркәсіптің үлесін арттыру міндеті тұр
Жыл басынан бері Кеген ауданына 8,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Дегенмен ауданның өнеркәсіп өнімінің облыстағы үлесі әзірге небәрі 0,7 пайызды құрайды.
Марат Сұлтанғазиев ауданның ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіпті дамытуға да мүмкіндігі жеткілікті екенін атап өтті.
«Аудан әкімдігіне жаңа инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін жолға қою маңызды. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды дамыту, қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету, кәсіби кадрлар даярлау және заманауи технологияларды енгізу арқылы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыру қажет», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларының мүмкіндігін де белсенді пайдалану қажеттігін айтты. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарына 17, ал «Кеңдала» бойынша үш несие берілген. Облыс әкімі бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін атап өтіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін 20 маманға бюджеттік несие беру жоспарланған. Биыл ауданда 2,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік осал топтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 150 пәтер қарастырылған.
Тұрғындар суару каналы мен аурухана мәселесін көтерді
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Солардың бірі – 1986 жылдан бері жөндеу көрмеген Ақсай суару каналы. Тұрғындардың айтуынша, канал 30 мың гектар суармалы жерді игеру және жем-шөп қорын арттыру үшін маңызды.
Жауапты мамандар жоба бойынша мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталғанын хабарлады. Биыл бұл мақсатқа 500 млн теңге қарастырылған. Марат Сұлтанғазиев республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны жергілікті аурухананы күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. Денсаулық сақтау басқармасы қолданыстағы ғимаратты жөндеуге қомақты қаржы қажет екенін және елді мекендегі тұрғындар санын ескергенде жаңа нысан салу тиімді болуы мүмкін екенін жеткізді.
Облыс әкімі жобаның құны мен тиімділігін қайта сараптауды тапсырды. Нәтижесіне қарай аурухананы күрделі жөндеу немесе блокты-модульді медициналық кешен салу мәселесі қарастырылмақ.





