Министр Қазақстан заңнамасында журналистердің кәсіби қызметін жүзеге асыруына қажетті құқықтар қарастырылғанын атап өтті. «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер ақпарат жинап, фотоға, аудиоға және бейнеге түсіріп, оны тарата алады.
«Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы», – деді Аида Балаева.
Аида Балаева бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларының бұғатталуы мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір қалыптастыратын кез келген әрекет мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе сайлау науқаны кезінде мұндай мәселелерге ерекше мән берілуі қажет.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», – деді министр.
Ол мұндай жағдайлар мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін екенін айтты.
Министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заң талаптарына қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Сонымен қатар Аида Балаева заңсыз контентпен күрес журналистердің, блогерлердің және басқа да әлеуметтік желі қолданушыларының сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуі керектігін атап өтті.
Осылайша, сайлауалды науқан кезінде журналистер мен блогерлердің заң аясындағы кәсіби қызметіне кедергі келтірмеу және олардың ақпарат тарату құқығын сақтау қажеттігі айтылды.





