Есірткі – адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретін, қоғамның дамуына кері әсер ететін күрделі мәселе. Нашақорлық адамның физикалық және психологиялық жағдайын әлсіретіп қана қоймай, оның отбасы мен жақындарына да ауыр зардап әкеледі.
Есірткі заттарын қолдану адамның өмірлік мақсаттарына, оқуына, жұмысына және әлеуметтік жағдайына кері ықпал етеді. Бір рет жасалған қате таңдау адамның болашағына үлкен әсер етуі мүмкін. Сондықтан есірткінің алдын алу және оның зияны туралы ақпараттандыру – маңызды міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз айналымға қарсы күресу және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар өткізіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған шараларды жүзеге асыруда.
Есірткіге қарсы күресте әрбір азаматтың үлесі маңызды. Жастардың спортпен айналысуы, білімге ұмтылуы, пайдалы орта қалыптастыруы және зиянды әдеттерден бас тартуы – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің негізгі шарттары.
Нашақорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Зиянды әдетке жол бермей, салауатты өмір салтын таңдау – қауіпсіз әрі жарқын болашақтың кепілі.





